Сенатор Айгүл Қапбарова TURKWOMEN форумының жұмысына қатысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова түркі елдерінің әйел көшбасшылары бас қосқан TURKWOMEN халықаралық форумына қатысты. Форумға қатысушылар қаладағы және ауылдағы кәсіпкерлік үлгілерін, институционалдық өзгерістерді, мәдени мұраны сақтау жолдарын және заманауи медиатехнологияның әсерін талқылады.
Сенатор түркі халықтарының әйелдері әрқашан қоғамның тірегі, дәстүрді сақтаушы және сонымен бірге өскелең өмірдің қозғаушы күші болып келе жатқанын, олардың мәдениет, білім беру және қоғамдық өмірді дамытудағы рөлін бағаламау мүмкін еместігін атап өтті.
«Дәстүр мен қазіргі заманды байланыстыра білу ерекшелігі – түркі әйелдеріне ғана тән. Түркі әйелдерінің көшбасшылығы билік үшін күрес емес, ол қоғамды құлшындыру, жас ұрпаққа үлгі болу, мәдени мұраны сақтау және жаңартуда жауапкершілік алу. Түркі әйелдері дәстүрді сақтаушы ғана емес, сонымен қатар жаңа тарихты жасаушы болып отыр. Біздің даналығымыз – дәстүрде. Біздің күшіміз – бірлікте. Біздің болашағымыз – білім мен инновацияда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әйелдердің белсенділігі ұлттық дамудың маңызды факторы болып табылады. Парламент бұл бағыттағы бастамаларды заңнамалық деңгейде қолдайды», - деді Айгүл Қапбарова.
Шараға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан кәсіпкерлік, мәдениет, медиа және ғылым саласында нәтижелерге қол жеткізген, табысқа жеткен 700 әйел қатысты.