Сенатор Айгүл Қапбарова ТМД ПАА-ның Әлеуметтік саясат және адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының отырысы барысында әріптестерімен әлеуметтік саясат пен адам құқықтары мәселелерін талқылады. Салаға жауапты Тұрақты комиссияның отырысы бейнеконференция сипатында өтті.
Кездесу барысында ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің парламентшілері халықты әлеуметтік қорғау, еңбеккерлердің құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырды.
Отырыста адам құқықтары мен әлеуметтік саясат саласындағы заңнамалық тетіктерді жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Талқыланған бастамалар азаматтарды қолдау шараларының тиімділігін арттыруға, әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға және гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ТМД Парламенттерінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру ісіндегі күш-жігерді одан әрі біріктірудің маңыздылығын атап өтті.