Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова балаларға дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыру барысымен танысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласында болды. Олар қалалық балалар клиникалық ауруханасында болған кезде балаларға дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыру барысымен, соңғы жылдарда медицинада енгізілген бағыттардың қызметімен, сондай-ақ мекеменің мүмкіндіктерімен танысты.
Сапар барысында медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасының жағдайына ерекше назар аударылды. Аурухананың жабдықталу деңгейі 94,6% құрайды. Жаңғырту және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі жұмыстар кезең-кезеңімен жергілікті бюджет қаржысы есебінен жүргізіледі.
Нұрлан Бекназаров балаларға дәрігерлік көмектің сапасы мен қолжетімділігі денсаулық сақтау жүйесіндегі тиімділіктің маңызды көрсеткіші болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Парламент деңгейінде қабылданатын заңнамалық шешімдер медициналық ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырады. Сенатор медициналық қызмет көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз етуде дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң баптарының маңыздылығын атап өтті.
Айгүл Қапбарова өз кезегінде балалардың денсаулығын сақтау мемлекеттің тікелей жауапкершілігінде екендігіне назар аударды. Соңғы жылдары балалар арасындағы сырқаттанудың өсуі балалар медицинасы жүйесіне салмақты арттыра түскені және медициналық көмекті ұйымдастыруға қойылатын талаптар күшейгені атап өтілді. Осыған байланысты жергілікті деңгейде балаларға күрделі медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейту Шымкентте емдеуді уақтылы жүргізуге, асқынудың алдын алуға және ата-аналардың басқа қалалардағы медициналық мекемелерге тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл балалардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетеді.
Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша балаларға дәрігерлік көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту мәселелері Парламенттің заңнамалық және бақылау қызметінің назарында болатынын атап өтті.