Сенаторлар Президент белгілеген «Заң және Тәртіп» қағидаты туралы әңгімеледі
Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қалалық прокуратурасында болды. Депутаттар қадағалау органының басшылығымен кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысы мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар болды. Қазіргі кезде прокуратура жанынан кибер алаяқтықтың алдын алу жөніндегі колл-орталық жұмыс істеп келеді, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 150 жәбірленушіге көмек көрсетілді.
Сенаторлар кездесу барысында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әділетті және өркениетті мемлекет құрудың негізі ретінде «Заң және Тәртіп» қағидатының ерекше маңыздылығы, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жүйелі алдын алу және оларды жасағаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қажеттігі туралы айтылғанын еске салды. Депутаттар заңдардың орындалуын қамтамасыз етудің маңыздылығы, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі, мекемеаралық өзара іс-қимылды дамыту және азаматтардың құқықтары мен заңды мүддесін дәйекті түрде қорғауға назар аударды.
Сенаторлар жұмыс сапары барысында Шымкент қалалық полиция департаментінде де болды. Онда департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков жедел-қызмет қызметтің нәтижелері туралы хабардар етті. Аса ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылықпен қоса бірқатар санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі жоғары екендігі атап өтілді.
Нұрлан Бекназаров қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған заңнамалық актілер туралы айтты. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері, оның ішінде құқық қолдану тұрғысынан қосымша талдауды қажет ететін тұрғын үй төлемдерін тағайындау тәжірибесі қозғалды.
Сенаторлар кездесулер қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, қаралған мәселелер Парламенттегі жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді.