Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Президент тапсырмаларының экономикалық қауіпсіздік саладағы орындалуы: сенаторлар Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне барды

10.01.2026 109

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2025 жылғы қызмет нәтижелерімен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда берген сұхбатында экономикалық қауіпсіздік пен қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету елдің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі екенін атап өткен болатын. Президент қабылданатын заңдар мен шешімдер нақты практикалық нәтиже беруі тиіс екенін ерекше айтты. Аталған ұстанымдар департамент басшылығымен өткен кездесудің өзегіне айналды.

Департамент басшылығының мәліметінше, 2025 жылы 65 қылмыстық іс тіркелген. Өндірісте болған істердің 77 пайызы аяқталып, 60 іс сотқа жолданған. Аяқталған істер бойынша келтірілген залалдың жалпы көлемі 14,9 млрд теңгені құрап, оның 6,6 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған.

Кездесу барысында қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтыққа қатысты істерді тергеуге, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі заңсыз қаржылық схемаларға қарсы іс-қимыл шараларына ерекше назар аударылды. Мониторинг нәтижесінде мыңнан астам күмәнді интернет-ресурс бұғатталған. Сонымен қатар бюджеттік және инфрақұрылымдық жобаларды талдау арқылы қала бюджеті қаражатының 3 млрд теңгеден астам сомасы үнемделген.

Талқылау барысында сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қабылданған, экономикалық қауіпсіздікті нығайту мен қаржылық тәртіпті арттыруға бағытталған заңнамалық нормалардың іс жүзінде орындалуына баса мән берді.

Парламенттік бақылаудың маңыздылығына тоқталған Нұрлан Бекназаров заңнаманың орындалуына жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде қабылданған заңдар формалды түрде емес, нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Бұл, әсіресе, экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу мен мемлекеттік мүдделерді қорғау мәселелеріне қатысты», - деді Нұрлан Бекназаров.

Өз кезегінде Айгүл Қапбарова халықпен жүргізілетін алдын алу және түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына назар аударды.

«Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тек тергеу шараларымен шектелмеуі керек. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қауіп-қатерлер туралы уақтылы ақпарат беру бағытында жүйелі профилактикалық жұмыс қажет», - деп атап өтті Айгүл Қапбарова.

Кездесу қорытындысы бойынша сенаторлар көтерілген ұсыныстар мен мәселелер алдағы парламенттік қызметте және тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында ескерілетінін мәлімдеді.

 

 

Бөлісу