Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттық сауал. Қой шаруашылығының өзекті мәселелері туралы

20.02.2025 218

Депутаттық сауал ҚР Премьер-Министріне  жолданады!  

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Қазақстан – ежелден мал шаруашылығымен айналысатын ел. Қой шаруашылығы дәстүрлі әрі стратегиялық маңызы бар отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі.

Қой тез өсімтал, көп шығынды талап етпейтін түліктің бірі. Ет, жүн, тері және сүт өнімдері – нарықта сұранысқа ие және экологиялық таза әрі сапасы жоғары өнімдер. 

Алайда, бүгінгі таңда қой шаруашылығы өндірістік тиімділіктен айырылып, терең дағдарысты бастан кешіруде.

Қазақстанда қойдың саны 1990 жылдары 37 млн болып, ал 2023 жылғы есеп бойынша 20 млн-ға жуық, бүгінде еліміздегі қой басының саны бар болғаны 18 млн құрап отыр.

Мәселен, келесі көршілес елдерде қой түлігінің саны керісінше 2-3 есе өскен: Қытай 61млн -  161 млн-ға, Моңғолия-  12,1 млн. - 30,1 млн-ға, Өзбекстан-  9,3 млн. - 16,8 млн-ға, Түркменстан-  5,4 млн. - 14,0 млн-ға.

Әлемдегі ең ірі экспорттаушы – қой саны 130 млн астам Аустралия мемлекеті жылына 503,6 мың тонна ет экспорттап, 3 млрд $ табыс тапқан. Сондай-ақ, әлем бойынша жүн өндірісінің 25%-ы осы елдің үлесінде.

Біздің елге келер болсақ, ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін 200 мың тонна қой еті керек. Оның 170 мың тоннасы өзімізде өндіріліп, қалған 30,1 мың тоннасы шет елден импортталатын жағдайға келдік.

Бұл көрсеткіштер қой шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айқын көрсетеді.

Мемлекеттік қолдау бойынша былтырғы жылы бұл салаға 15,3 млрд. теңге субсидия бөлінгенімен, қой шаруашылығы ірі қара, құс және шошқа шаруашылығынан кейінгі 4 орынға ысырылып қалды. 

Алайда, қазіргі таңда қойдың 95%-ы тек ет мақсатында өсірілуде.

Саладағы негізгі түйткілдердің бірі – қой өнімдерін өңдеу мен сату жүйесінің әлсіздігі. Етті, жүнді, теріні өңдейтін кәсіпорындар мардымсыз деңгейде жұмыс істеуде. Ал мал бордақылау алаңдары мен сою пункттерінің жұмысы жүйеленбеген, сондай-ақ халықаралық нарыққа да өнімді экспорттау мүмкіндігі шектеулі. Өндірістің технологиялық деңгейі артта қалып, шаруашылықтарда жыл бойына тұрақты әрі үдемелі өнім өндіру процесі қалыптаспаған. Жеке шаруа қожалықтарындағы қойдың 70 %-ышағын фермаларда өсіріліп жатқандықтан, олардың өнімділіктері де, сапасы да төмен.

Қой шаруашылығы саласының мамандары мен қарапайым еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайларына да тиісті көңіл бөлінбей қалды. Осы орайда, республика бойынша қой малының түгендеу жұмыстарын жүргізіп, негізгі тұқымдық құрылымын айқындау, сапасын қадағалау және экспорттық талаптарға сәйкестендіруді жүзеге асыру керек.

Ветеринарлық қызмет жүйесіндегі проблемалар салаға кері әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институттарының жағдайы сын көтермейді. Мысалы, 90 жылдық тарихы бар Қ.Ү.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 220 адамды құрайтын, бүгінде барлық штаты          20 адаммен шектеліп тек бөлім ретінде ғана жұмыс істеуде. Бұл – стратегиялық тұрғыдан үлкен қателік.

Егер салада ғылыми негіздемелер болмаса, жаңа тұқымдар шығарылмаса, қазіргі қолда бар асыл тұқымды қойлар мен жетістіктерден де айырылып қалуымыз мүмкін. Оның үстіне елімізде асыл тұқымды генетикалық қорда жоқ.

Бұл өз кезегінде қой шаруашылығын асылдандыруды тежейтіні сөзсіз.

Ғылыми-зерттеу институтын қайта жандандырып, жаңа инновавациялық технологияларды енгізу арқылы жұмысын күшейтуді тез арада қолға алу қажет.

Бүгінгі күнге салаға қатысты бағдарламаның жоқ екендігін атап өткен жөн. 2024 - 2026 жылдарға арналған Жол картасы ғана бекітілген. Саланың дамуы мен тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама әзірленіп, жұмыс жасау үдерісін ілгерілету уақыт талабы мен қоғам сұранысы.

Қой шаруашылығы – қазақ халқының ата кәсібі,  ұлттық дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Қой шаруашылығын дамыту ауылды дамытудың арқауы болуы керек. Бұл саланы қолдаудың кешенді стратегиясын қалыптастыру арқылы біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықта да өз орнымызды айқындай аламыз. Өз кезегінде ел экономикасына да айтарлықтай үлес қосатыны анық.

Аталған мәселелерге Үкімет тиісті назар аударып, кешенді өзгерістер жасап, жүйелі шешімдер қабылдау қажет.

 

Құрметпен аграрлық комитет депутаттары.

 

Бөлісу