Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша Комитет отырысы

18.06.2025 173

Құрметті әріптестер!

 

Қаралып отырған Заңға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары (О.А. Булавкина, С.М. Дүйсембинов, Ғ.Т. Сарыбаев) бастамашылық жасады және ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (бұдан әрі – ЕҚТА) саласындағы заңнаманы жетілдіруге, ЕҚТА саласындағы құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға бағытталған.

Заңда ЕҚТА құрылғанға дейін де орман қоры мен ЕҚТА жерлерінде орналасқан әлеуметтік және стратегиялық объектілердің, инфрақұрылымдардың жұмыс істеуімен байланысты проблемалық мәселелерді шешу көзделеді. Атап айтқанда, Заңда ЕҚТА-ның жер учаскелерін әлеуметтік (емдеу және білім беру мекемелері, қазіргі бар зираттар), инженерлік инфрақұрылым (кәріз-тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері) объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметінің шешімі бойынша босалқы жерлерге ауыстыру айқындалады.

Сонымен қатар, шектеулі шаруашылық қызмет аймағындағы ЕҚТА-ның жер учаскелерін жеке және заңды тұлғаларға туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылым (жолдар, көпірлер, электр беру желілері және басқа да коммуникациялар) салу үшін үлгілік шарт негізінде ЕҚТА-ның жерлерін босалқы жерлерге ауыстырмай беру ұсынылады. Үлгілік шарттың нысанын ҚР Үкіметі бекітеді.

Бұл ретте ауыстырылатын учаскенің нысаналы мақсатын жердің басқа санаттарына одан әрі өзгертуге жол берілмейді, сондай-ақ ЕҚТА-ның шекаралары бойынша екі шақырымдық аумақта олардың күзет аймағы белгіленгенге дейін қала құрылысы жобаларын түзетуге, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынады.

Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жергілікті халықтың мұқтаждары үшін шөп шабуға рұқсат беретін нормалар регламенттелген.

Сондай-ақ, Заңда мынадай мәселелер регламенттеледі: орман көміртегі офсеттеріне құқықтық иелік ету және оларды сату; орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерін тартқан жағдайға авиаотын резервін құру; мемлекеттік орман қорының жерлерін қуаты 100 МВт-ға дейінгі ГЭС құрылысы үшін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру және т.б.

Ауылдық жерлерде қызметін жүзеге асыратын табиғат қорғау мекемелерінің жұмыскерлеріне Заңда ҚР заңнамасына сәйкес кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар белгіленеді.

Мемлекеттік табиғи қаумалдар аумақтарында орналасқан магистральдық құбырларды реконструкциялау, күрделі жөндеу, жою жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат көзделеді.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру құралдарын кеңейту мақсатында арнайы қор іске асыратын бизнесті қаржылық қолдау құралдарының жұмыс істеуінің құқықтық негіздері заңнамамен бекітіледі.

Заңда Астана қаласының орманды саябақ аймағы режимінің ерекшеліктері де айқындалған.

Сенаттың тұрақты комитеттерінің Заң тұжырымдамасы бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.

Баяндалғанды ескере келе, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 58-тармағына сәйкес оны бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады.

Бөлісу