Шығыс Қазақстан облысында «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы өтті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың шақыруымен «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Шығыс Қазақстанда өнеркәсіп, туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Соңғы бес жылда өңірге шамамен 3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2025 жылы қосымша 1 трлн теңге қаражат тарту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта облыс аумағында жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын 11 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға және өңір экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Altai Invest-2025» форумы Шығыс Қазақстанға халықаралық бизнестің жоғары қызығушылығын айқындап, жаңа серіктестік бағыттарын дамыту мен ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.