ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі Комиссияның XXIII отырысы Хаттамасының орындалуы туралы баяндама
Өскемен қаласында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Комиссияның XXIV отырысына қатысып, Хаттаманың Күн тәртібіндегі 3-тармақтың орындалуы бойынша негізгі уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы баяндадым. Атап айтқанда, қазақстандық тарап «Бәйтерек» жобасы аясында «Зенит-М» ұшыру кешенін жаңғырту жұмыстарына қаржыландыруды қамтамасыз етті, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылуы 2025 жылдың желтоқсан айына белгіленген. Сонымен бірге, «Гагарин стартын» Қазақстанға беру рәсімі аяқталды, аталған нысанға Бүкіләлемдік мұра мәртебесін беру мәселесі бойынша ЮНЕСКО-ға ресми өтініш жолданды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінде Сенатпен 2004 жылғы Келісімнің Хаттамасы мақұлданды. Қосымша білім беру бастамалары да іске асырылуда: ресейлік оқушылар үшін Алматыдағы обсерваторияларға экскурсиялар бағдарламасы әзірленді, ал қазақстандық оқушылар үшін «Сириус» орталығына және Ресейдің планетарийлеріне сапарлар жоспарланды. Барлық іс-шаралар белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда және парламенттік бақылауда тұр.
Сонымен қатар, отырыс аясында екіжақты туризмді кеңейтуге, туристік инфрақұрылымның көліктік қолжетімділігін арттыруға және оның одан әрі дамуына, сондай-ақ ортақ туристік бағыттар мен бағдарламаларды әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы екіжақты бірлескен жұмыстың тиімділігін айқындап, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеуге берік негіз қалыптастырады.