Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау» тақырыбындағы парламенттік тыңдауларға дайындық аясындағы жұмыс кеңесі

05.02.2026 167

 

Әріптестермен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Ситуациялық орталығына бардық. Іс-шара Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау тақырыбындағы парламенттік тыңдауларға дайындық шеңберінде өтті.

Іс шара аясында депутаттарға ситуациялық орталықтың қызметі, сондай-ақ жер және су ресурстарын басқару саласында қолданылатын негізгі цифрлық шешімдер таныстырылды. Елдің жер қоры туралы деректердің ашықтығын, салыстырмалылығын және өзектілігін қамтамасыз ететін жария кадастрлық картаның және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, лицензиялық-рұқсат беру рәсімдерін толықтай электрондық әрі автоматтандырылған форматқа көшіруге мүмкіндік беретін «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінің функционалы көрсетілді. Цифрландыру үдерістерінің мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін едәуір қысқартатыны, әкімшілік жүктемені төмендететіні және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыратыны атап өтілді.

Сондай-ақ, сенаторларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқарудың салалық ақпараттық жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды. Қазақстан аумағы бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру толық аяқталғаны, ал топырақтық, геоботаникалық және агрохимиялық деректердің елеулі массиві кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп жатқаны айтылды. Аталған жүйені іске асыру жерлердің сапалық жай-күйін орталықтандырылған түрде есепке алуды және талдауды қамтамасыз етуге, оларды беру рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ аграрлық салада басқарушылық шешімдер қабылдау үшін талдамалық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізуге мүмкіндік береді.

Кездесудің жеке бөлігі Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараттық жүйелеріне арналды. Әріптестерге су ресурстарын мониторингтеу және болжау бойынша цифрлық құралдар, оның ішінде гидрологиялық модельдеу, ерте болжау жүйелері және су объектілерінің жай-күйін жедел талдауға әрі су пайдалануды тиімді жоспарлауға бағытталған су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша аграрлық және су шаруашылығы салаларын цифрлық дамытудағы басым мәселелер талқыланды. Қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстар мен ұсынымдарды айқындады. Олар парламенттік тыңдауларды әзірлеу барысында, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік реттеуді одан әрі жетілдіру кезінде ескерілетін болады.

Бөлісу