Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қарау бойынша Пленарлық отырыста сөйлеген сөзі

19.02.2026 152

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісіміне»  (бұдан әрі – Келісім) 2024 жылғы қараша айында өткен халықаралық климаттық форумның COP-29 саммитінде қол қойылды.

Келісімнің мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және Қазақстан Республикасында орнықты дамуға бағытталған жобаларды әзірлеу мен іске асыру арқылы ынтымақтастық орнату болып табылады.

Келісімнің ережелері электр энергиясын өндіру мен сақтауға бағытталған жасыл технологиялар мен инновациялар саласындағы жобаларға қолданылады.

Аталған Келісім шеңберінде жалпы қуаттылығы 1,8 ГВт болатын үш ірі жаңартылатын энергия нысанын салу жоспарлануда. Олардың қатарына жалпы қуаттылығы 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясы және қуаттылығы 300 МВт болатын бір күн электр станциясы (Түркістан облысы) кіреді.

Жобалар күн және жел ресурстары жоғары өңірлерде – Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жүзеге асырылады және олар Бірыңғай энергетикалық жүйеге интеграцияланатын болады. Жобаларды аяқтау мерзімі – 2027–2029 жылдар. Қазақстан тарапынан тең инвестор ретінде «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қатысады.

Энергетикалық және экологиялық тұрғыдан алғанда, жобалар жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағат көлемінде «жасыл» электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына 4,5 млн тоннаға дейін азайтуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.

Жобаларды іске асыру мақсатында 2 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тарту және 200 тұрақты әрі 2000 уақытша жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта екі өңірде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-іздестіру жұмыстарына арналған жер учаскелерін бөлу бойынша жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысында жер учаскесі бөлініп, күн электр станциясының құрылысы басталды.

Ірі жобалардың техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, заңмен олардың іске асырылуына арналған келесі шарттар көзделген:

  • аукцион өткізбей немесе өзге де сауда рәсімдерін өткізусіз келісімшарттар жасасу;
  • тарифтерді шетел валютасында бекіту;
  • электр энергиясының теңгерім нарығына қатысу, алайда бағалау рәсімдерінен өтпей.

Сонымен бірге, қазақстандық тарап Девелоперлерге бірқатар артықшылықтар ұсынады:

  • валюталық міндеттемелерді орындау және табыс алу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
  • мемлекеттік органдардан рұқсат алу барысында қолдау көрсету;
  • жер учаскелерін конкурстарсыз алу мүмкіндігі.

Девелоперлерге де қойылатын негізгі талаптар бар: қаржылық және техникалық ресурстардың болуы, Орталық Азия аумағында жаңартылатын энергия көздері жобаларын әзірлеу, инвестициялау, қаржыландыру және пайдалану саласындағы расталған тәжірибенің болуы.

Бұдан бөлек, заң нормалары Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік энергетика басқармасы және тиісті компаниялар арасындағы ынтымақтастықты көздейді. Бұл болашақта энергия сыйымдылығы жоғары экономиканы қалыптастыру жөніндегі мақсатты жұмыстың бөлігі болып табылады.

Тараптар халықаралық келісімдер мен заңнамаға сәйкес орталық банктерге берілетін иммунитеттерді, артықшылықтар мен ерекшеліктерді мойындайды.

Ірі жобаларды іске асыру жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға, соның ішінде 2030 жылға қарай 15%-ға жеткізуге және 2060 жылға дейінгі Төмен көміртекті даму стратегиясына сәйкес Қазақстанның көміртегі бейтараптығына айтарлықтай үлес қосуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аталған заң бойынша жұмыс топтарының отырыстары өткізіліп, тиісті талқылаулар жүргізілді. Сенат Парламентінің тұрақты комитеттерінен ұсыныстар мен ескертпелер түскен жоқ.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес Аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.

 

Бөлісу