Сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңға түзетулер енгізді
Сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдап, оған бірқатар түзетулер енгізді. Нақты айтқанда, мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелері арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасуға қатысты өзгерістер бар. Одан бөлек, депутаттар банк құпиясы мен микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау мерзімдерін нақтылауды ұсынды. Сенаторлар ұсынған түзетулер шеңберінде Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының дерекқорларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау регламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақтыланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әрекеттері айқындалады. Осыған байланысты отырыста сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.