Отырыс барысында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды.
Сенаторлардың банктер туралы заңға қатысты енгізген түзетулері базалық банктік лицензиясы бар банкті әмбебап банктік лицензиясы бар банкке көшіру (қайта ресімдеу) кезінде пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтау жөніндегі талаптарды нақтылауға байланысты екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ заңды Қазақстан аумағында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге арналған, орталық депозитарийдегі және (немесе) клирингтік ұйымдағы ақшаны және (немесе) бағалы қағаздарды қарыз алушыдан даусыз тәртіппен өндіріп алуды болдырмайтын нормамен толықтыру туралы ұсыныстар айтылды.
Осылайша, аталған заңдар сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтарылды.