Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттың кездесулері

08.01.2026 273

Щучинск қаласының іргетасы қаланғанына келесі жылы – 130 жыл, ал қала статусын алғанына алдағы жылдары 90 жыл болады. Халық саны 47 мың адам. Курорттық және туристік әлеуеті жоғары қаланың демалыс орындары, спорт және білім беру мекемелерімен танысу, олардың проблемалық мәселелері болса білу - депутаттық парыз, деп санаған депутаттар,  «Білім-Инновация» IT-мектебінің тыныс-тіршілігімен танысудан бастады.

«Білім-Инновация» IT-мектебі заманауи IT бағытындағы мектеп-лицей-интернат. Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі инновациялық жобалардың бірі болып табылатын лицей алты жыл бұрын құрылған. Басты мақсаты – сандық технологиялар, информатика және ағылшын тілінде жоғары деңгейдегі сапалы білім беру. Төрт тілде сабақ жүріп жатқан мектепте 441 бала – Республиканың бірнеше облыстарынан келіп, конкурс арқылы жетінші сыныпқа түсіп, интернатында жатып білім алып жатыр.

Себебі, оқу базасында IT-лабораториялар, робототехника, Apple-жабдықталған кабинеттер, бассейн, спорт залы және жатақхана секілді мүмкіндіктер, жалпы, барлық жағдай жасалған. Ең бастысы - Лицей оқу-тәрбиелік процесті инновациялық әдістермен жүргізе отырып, Халықаралық және республикалық олимпиадаларда нақты нәтижелер көрсетіп жатыр.

Биылғы жылды Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанына сәйкес бұл мектеп-лицей өңірдегі IT білімі мен технологияларды меңгеруге ынталы жастарды тәрбиелеудің жолы және болашағы бар маңызды орталық.

Сонымен қатар, депутаттар жақында пайдалануға берілген жаңа көпфункционалды спорт кешеніне барды. 

Бұл – қала тұрғындары, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен тұрақты түрде айналысуға арналған заманауи әлеуметтік нысан. Бокс, үстел теннисі, жүзу сияқты спорт түрлері үшін бөліп берілген жаттығу залдары, футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық ойындарға жарамды үлкен залдары бар. 500-ге дейін адамды қабылдай алатын мүмкіншілігі бар спорт кешені қала тұрғындарының қажеттілігін орындап, жас спортшыларды дамытуға бар жағдай жасалған.

Депутаттар Щучинск қаласындағы жаңа аудандық Мәдениет үйіне барды. Жаңа ғимарат тұрғындардың шығармашылық және мәдени серпілісіне арналған маңызды орын екендігіне, оның 400 орындық көрермен залы, хореография және репетициялық залдар, конференц-зал, кескіндеме және т.б. кабинеттері көз тартып тұр.

Нысандардың барлығы жаңадан салынып ашылған ғимараттар. Осы нысандар Щучинск қаласының білім, спорт және мәдениет салаларында даму деңгейін арттыруға айтарлықтай үлес қосатынына күмән жоқ.

Конференц-залда дөңгелек үстел өткізіп, Аудан әкімі Арай Садықов кездесулердің қорытындысын қорытындылады. Өз кезегінде, әлеуметтік инфрақұрылымға бөлінген бюджет қаражатының тиімді игерілуі, Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттердің уақтылы орындалып жатқандығы, қала әкімшілігі мен мәслихат депутаттарының қоян-қолтық жұмыс атқарып жатқандығы айтылды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында көтерілген маңызды ой-тұжырымдар талқыланды. Бурабай ауданы және депутаттар үшін маңызды бұл жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етіп, ел мүддесіне бағытталған ортақ мақсаттарды айқындауға мүмкіндік берді.

Бөлісу