Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы өңірлерге шықты

20.02.2026 253

Бүгін Сенатор Алтынбек Нухұлы «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы аясында Павлодар облысындағы жетекші педагогикалық жоғары оқу орны – Марғұлан ғылыми орталығында Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының жобасын ғылыми қауымдастыққа түсіндіру және оны кәсіби тұрғыда талқылау мақсатында ұйымдастырылған кездесуге қатысты. Жиынды университет ректоры Ержан Әмірбекұлы жүргізіп, оған ғылыми орталықтың басшысы Тимур Смағұлов, университет проректорлары, декандар және ғылыми қызметкерлер қатысты.

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің құқықтық-саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, елдің институционалдық құрылымына, қоғамдық қатынастар жүйесіне және ұлттық даму стратегиясына тікелей ықпал ететін аса маңызды тарихи құжат болып табылады.

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын, билік тармақтарының өзара іс-қимыл тетіктерін айқындайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін бекітетін негізгі заң. Сондықтан ұсынылып отырған Жаңа Конституция жобасы тек нормативтік-құқықтық өзгерістер жиынтығы ретінде ғана емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді өркениеттік даму бағытын белгілейтін жүйелі реформа ретінде қарастырылуы тиіс екені ғылыми қауым алдында атап өтілді.

Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымға, инновацияға ерекше мән берілуі қазіргі жаһандық даму парадигмасының талаптарына толық сәйкес келеді. XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі олардың табиғи ресурстарымен емес, ғылыми-инновациялық әлеуетімен, адами капиталының сапасымен және технологиялық дербестігімен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, ғылымды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде конституциялық деңгейде бекіту ғылыми қызметтің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, зерттеулердің үздіксіздігін сақтауға және ұлттық инновациялық жүйені нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар академиялық еркіндік, ғылыми ізденістің тәуелсіздігі және ғылыми нәтижелердің қоғам игілігіне тиімді трансфері заманауи университеттік жүйенің негізгі қағидаттары ретінде конституциялық қорғауға ие болуы тиіс. Бұл нормалар жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, университеттердің зерттеу әлеуетін күшейтуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты институционалдық тұрғыдан бекітуге құқықтық негіз қалайды.

Жаңа Конституция жобасында мәдени мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және тарихи сабақтастықты қамтамасыз ету мәселелерінің мемлекет қызметінің негіз қалаушы қағидаттары қатарына енгізілуі де ерекше маңызға ие. Бұл – рухани құндылықтарды сақтай отырып, инновациялық даму жолына көшу қажеттілігін айқындайтын теңгерімді құқықтық ұстаным. Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесуі тұрақты дамудың басты алғышарттарының бірі болып табылады.

Қазіргі жаһандық трансформация жағдайында жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа энергетика, биотехнология секілді стратегиялық бағыттардың қарқынды дамуы мемлекеттік басқару мен құқықтық реттеудің жаңа тәсілдерін талап етеді. Конституция жобасы осы өзгерістерді ескере отырып, ғылыми-технологиялық прогресті қолдаудың және ұлттық қауіпсіздіктің зияткерлік негізін күшейтудің құқықтық алғышарттарын қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Жаңа Конституция жобасы құқық үстемдігіне негізделген, әлеуметтік жауапты, инновациялық экономикасы дамыған және рухани тұтастығы берік мемлекет қалыптастыруға бағытталған. Бұл құжат еліміздің болашақтағы орнықты дамуының берік іргетасын қалайды деп сенеміз.

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы бүгінгі кездесу біржақты ақпарат беру алаңы ғана емес, кәсіби пікір алмасу кеңістігі болғанын атап өтіп, 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Бөлісу