Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы Павлодар ауданында жаңа Конституция жобасын таныстыруда
Бүгін, яғни 2026 жылғы 25 ақпанда, сенат депутаты Алтынбек Нухұлы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысын Павлодар ауданы, Луганск ауылында өткізді.
ЖҰМАДИЕВА Мадина Алпысқызы - Павлодар аудандық коалициясының жетекшісі бастаған топпен кәсіпкер КУЗЬМЕНКО Петр Петрович бастаған ауылдың тұрғындарымен кездесу өтті. Жаңа Конституция жобасының негізгі өзегі – адамға бағдарланған мемлекет құру екендігін, адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде жобада айқын көрсетілгені туралы тоқталды.
Жаңартылған Преамбулада адам құқықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде, Ел бірлігі, қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық – мемлекетіміздің берік тұғыры ретінде нақты айқындалғаны туралы сенатор айтып шықты.
Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық – өзгермейтін стратегиялық құндылықтар, ал Әділеттілік, Заң мен Тәртіп үстемдігі, табиғатқа жауапкершілікпен қарау секілді қағидаттар Конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілетіні туралы кеңінен айтты.
Сонымен қатар, жаңа жобада білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамыту басты басымдық ретінде айқындалғаны және бұл елдің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен адам капиталына, азаматтардың зияткерлік әлеуетіне сүйенетінін білдіретін маңызды бетбұрыс екендігі туралы көпшілікке түсіндіруге тырысты.
Құжаттағы маңызды бағыттардың бірі - цифрландыру. Осыған орай, Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар енгізілгендігін және бұл өзгерістер мемлекет дамуының сапалы жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи қадам болмақтығын және т.б. баптарға тоқталып өтті. 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда барша жиналған қауымды дауыс беруге шақырды.
Депутатпен бірге БЕРКОВСКИЙ Владимир Александрович – Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, АБДРАМАНОВА Света Сағындыққызы – Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі, облыстық мәслихат депутаты, әйелдер қанатының төрайымы болып, ол кісілер ақпараттық-түсіндірме бағытында өз ойларын ортаға салды.
Кездесуден соң ауыл халқының жалпы әлеуметтік хал-ахуалын көру және Конституция жобасы туралы ақпарат беру үшін бірнеше үйлер мен қоғамдық орындарда болып шықты.