Сенаторлар Жетісу облысындағы инфрақұрылым нысандарын қарап шықты
Сенаторлар Жанболат Жөргенбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысына сапар барысында Ескелді ауданындағы ирригациялық жүйенің жағдайымен танысып, шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесті.
Жүздесуде 450 шаруа қожалығы мен 13 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге арналған, 1976 жылы пайдалануға берілген су қоймасы күрделі жөндеуді қажет ететіндігі туралы айтылды. Қаржының жеткіліксіздігіне байланысты нысан күрделі жағдайда қалып отыр.
Депутаттар Сарыөзек-Көктал автомобиль жолындағы жөндеу жұмысымен де танысты. Жолдың ұзындығы 178 шақырым, өткен жылы оның 42 шақырымына орташа жөндеу жұмысы аяқталған болатын. Бүгінгі таңда 85 шақырым жолға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін 23 шақырымды аяқтау жоспарлануда, ал қалған 62 шақырымы 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Жолдың 51 шақырымына сыртқы қаржы есебінен орташа жөндеу жүргізіледі, ол республикалық маңызы бар жолдардың сапасын жақсартады.
Сенат депутаттары осыған дейін Үкіметтің атына өңірдегі автожолдардың жай-күйіне қатысты тиісті депутаттық сауал жолдаған болатын. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдерімен және жол-құрылыс саласының мамандарымен де кездесу өткізді.