Сенатта климаттың өзгеруі жағдайында жерасты суларын тиімді пайдалану және қорғау мәселелері қаралды
ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары климаттың өзгеруі жағдайында жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелерін талқылау үшін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдерімен кездесті.
Комитет төрағасы Әли Бектаев жерасты сулары климаттың өзгеруі жағдайында елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды ресурс екенін атап өтті. Айтарлықтай әлеует пен мыңдаған барланған кен орны бола тұра, оларды пайдалану деңгейі өте төмен күйінде қалып отыр.
«Жерасты сулары - елдің су қауіпсіздігінің стратегиялық резерві. Алайда, табиғи әлеует жоғары болса да, біз бұл ресурстардың тек 3-4 пайызын ғана пайдаланамыз. Климаттың өзгеруі жағдайында мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Нақты мемлекеттік саясат, тиімді басқару, мониторинг және ғылыми сүйемелдеу болмаса, біз бірқатар өңірлерде созылмалы су тапшылығына тап болу қаупіндеміз», - деді Әли Бектаев.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев жерасты су ресурстарының қазіргі жай-күйі және оларды шаруашылық айналымға тарту перспективалары туралы хабардар етті. Ол табиғи әлеуеттің мол екенін және 4803 барланған кен орны барын, бірақ жерасты суларын пайдалану деңгейі төмен екенін атап өтті. Вице-министр климаттың өзгеруі жағдайында жерасты сулары су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды резерві ретінде қарастырылатынын баса айтты. Сондай-ақ ол саланы жүйелі басқаруды қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, соның ішінде Су кодексінің нормаларын іске асыру, мониторинг пен цифрландыруды дамыту, сонымен қатар жерасты сулары саласын институционалдық нығайту туралы айтып берді.
Өз кезегінде «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің өкілі Қазақстанның жерасты суларының жеткілікті пайдаланылмай отырған әлеуеті, олардың ауыз сумен қамтамасыз етудегі, суарудағы және аграрлық секторды дамытудағы рөлі, сондай-ақ емдік-минералды, геотермалдық және өнеркәсіптік жерасты суларын қолдану перспективалары туралы баяндады.
Отырыс жұмысына Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.