Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар аграрлық секторды қаржыландыру тетіктерін талқылады

10.02.2026 247

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қызметі мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Іс-шара барысында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін тікелей кредиттеу, шағын және орта бизнесті қаржыландыру, сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін іске асыруға қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Кездесуге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Юлия Энгель, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков, сондай-ақ сала қауымдастықтарының, жергілікті атқарушы органдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту  комитетінің төрағасы Әли Бектаев аграрлық секторды қолдау шараларын одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржы құралдарының қолжетімділігін арттыру, рәсімдерді оңайлату және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін күшейту қажеттігін баса айтты.

Талқылау барысында субсидия төлемдерінің кешіктірілуі, олардың өңірлер арасында біркелкі бөлінбеуі, кепілмен қамтамасыз ету тетіктерінің шектеулілігі және соған байланысты туындайтын қиындықтар, қаржыландыру лимиттерінің негізділігі, кредиттеу мерзімдерінің жеткіліксіздігі және цифрландыру деңгейінің төмендігі сияқты жүйелі мәселелер көтерілді.

Отырыста айтылған ұсыныстар Үкіметке жолданатын болады.

Бөлісу