Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Су тапшылығы мәселесін қалай шешуге болады: сенаторлар өңірлік тәжірибе мен халықаралық жобаларды талқылады

26.05.2026 120

Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Ислам даму банкінің сумен жабдықтау және ирригация саласындағы жобаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан Комитет төрағасы Әли Бектаев климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын ұтымды басқару мәселесінің маңызы арта түскенін атап өтті.

«Климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тиімді басқару – мемлекет алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағытта халықаралық қаржы институттарымен бірлескен жобалардың рөлі ерекше», – деді Әли Бектаев.

Су инфрақұрылымын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров баяндады. Ол Ислам даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан климатқа төзімді су ресурстарын дамыту жобасының іске асырылу барысы туралы айтып, жобаның гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, су пайдаланудың тиімділігін арттыруға және өңірлердің су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Ислам даму банкінің өңірлік хабының жетекшісі Хан Али Мухаммад баяндама жасап, Қазақстанның су секторын жаңғыртудағы халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті.

Отырыс барысында өңірлік тәжірибеге де ерекше назар аударылды. Су тапшылығын азайту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Сонымен қатар, жиынға «Қазсушар» РМК өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Талқылау барысында қатысушылар қосымша назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, келісу рәсімдерін жеделдету, жобалық құжаттамаларды өзектендіру, өңірлердегі инженерлік кадрлық әлеуетті нығайту және су саласындағы мониторингтің цифрлық құралдарын дамыту мәселелері сөз болды.

Бөлісу