Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттар жедел жәрдем қызметкерлерін қорғаудың қосымша тетіктерін енгізуді ұсынды

01.02.2024 0

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Амангелді Толамисов медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтудің маңызы туралы айтты. Оған Қарағандыда белгісіз адамның жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соқаны туралы әлеуметтік желіде кеңінен жарияланған өрескел жағдай себеп болды.

Сондықтан бірқатар сенатор осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады.

«Әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның жедел жәрдем жүргізушісіне дөрекі сөйлеп, соққыға жыққан видеосы тарады. Науқастың өміріне араша түскен жедел топтың өзіне де көмек керек болды. Шұғыл дәрігерлік көмек күткен бір жастағы сәби де екінші бригаданың келуін күтті. Яғни, құқық бұзған тұрғын екі адамның да өміріне қауіп төндірді. Осындай жағдайлар осыған дейін де бірнеше рет орын алған. Медицина қызметкерлері күнделікті қаншама адамның өміріне араша болып жатқанда, өздерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп қайдан келерін білмейді», - деді А. Толамисов.

Депутат дәрігерлерге қастандық жасап, оларға күш көрсететіндерге немесе қатер төндіретіндерге жазаны қатаңдату қажет деп санайды. 

«Медицина қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтірілмеуі үшін олардың мәртебесі қорғаныс және ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестірілуі керек. Жедел жәрдем көліктерін регистраторлармен жабдықтау маңызды және медициналық мекемелердегі ақ халатты абзал жандардың, емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қабылдануы тиіс. Медицина қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін орындау барысында денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін арнайы жаза тағайындау мақсатында заңдық нормалар қабылдауды сұраймыз», - деді Толамисов.

 

https://kaz.inform.kz/news/deputattar-zhedel-zhardem-kizmetkerlern-korgaudin-kosimsha-tetktern-engzud-usindi-12555c/ 

Бөлісу