ҚР Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті депутаттарының Павлодар облысына іссапары
Бүгін ҚР Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттарымен «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлт өркендеуінің негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауға дайындық аясында Павлодар облысына іссапарға бардық.
Павлодар облысының бірқатар кәсіпорындары мен колледждерінің жұмысымен таныстық.
Атап айтсақ, жылына 1,5 миллион тонна глинозем өндіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның өндіріс қуатымен танысып және ұжымымен кездестік. Әсіресе, таза экологиялық технологияны енгізу және 5 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударылды.
Павлодар мұнай-химия зауытында бізге бензин, дизель отыны және басқа да өнімдерді өндіретін кәсіпорынды жаңғырту жоспары туралы баяндама жасалды.
Сонымен қатар, әріптестерімізбен Түсті металлургияның жоғарғы және Павлодар химия-механикалық колледждерінің білім алушылар мен оқытушылармен кездестік. Оқу орындарының әлеуметтік серіктестердің қолдауымен құрылған заманауи зертханалар мен оқу-өндіріс кешендерінің жай-күйімен таныстық.
Өндірістерді, еңбек адамдарын қолдау және жаңғырту, сондай-ақ білікті кадр даярлау еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен әлеуметтік дамуындағы негізгі міндеттердің бірі бола бермек.