Сенат депутаты Жетісу облысы Алакөл ауданында жаңа Конституция жобасын талқылады
24 ақпан күні Жетісу облысы Алакөл ауданына жұмыс сапары аясында Сенат депутаты Есбай Амангелді Ғабдылкәрімұлы Көктума орта мектебі, «Алакөл су» ШЖҚ МКК және «ҚазТрансОйл» АҚ Үшарал филиалы ұжымдарымен кездесу өткізді.
Кездесулер барысында елдегі саяси реформалардың жүзеге асырылу барысы, заңнамалық жаңашылдықтар және қоғаммен кері байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге және өңірлердің тұрақты дамуына бағытталғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Үшарал қаласында «Есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындармен жеке кездесулер өткізілді. Акция аясында реформалардың мәні түсіндіріліп, азаматтардың сұрақтарына жауап берілді.
Кездесулер ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Ұжым мүшелері мен тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, өзекті мәселелерді көтерді. Алдағы уақытта да қоғаммен өзара іс-қимылды күшейту және бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.