Жетісу облысында Сенат депутаттары жастармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен референдум және конституциялық реформаларды талқылады
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаты Есбай Амангелді Ғабдылкәрімұлы Жетісу облысының белсенді жастарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының мазмұны мен басым бағыттары, елде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың мәні, сондай-ақ алдағы референдумның тарихи маңызы кеңінен талқыланды. Референдумға қатысу тәртібі мен дауыс беру регламенті туралы да нақты түсіндірмелер беріліп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарылды. Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы. Ұсынылып отырған өзгерістер әділетті әрі тиімді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға бағытталған. Ал референдум – әр азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі. Сондықтан белсенділік таныту – ортақ жауапкершілігіміз», – деді Есбай Амангелді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, алдағы референдумға белсенді қатысу қажеттігін қолдады.