С. Ж. Шайдаровтың 17.02.2023 жылғы сағат 10:00-де Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауының баяндамасы
С. Ж. Шайдаровтың 17.02.2023 жылғы
парламенттік тыңдауға арналған
баяндамасының жобасы
Құрметті Мәулен Сағатханұлы! Құрметті әріптестер, Парламенттік тыңдауға қатысушылар!
Өздеріңіз білетіндей, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президентіміз еліміздің әрбір өңірінің дамуына жаңа серпін беру бойынша басымдықтарды белгіледі.
Сондықтан бүгінгі таңда біздің мемлекетіміздің алдында теңдестірілген өңірлік саясатты құру міндеті тұр, оның негізгі бағыты ел өңірлері арасындағы неғұрлым өткір әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздікті реттеуге бағытталуы тиіс.
Парламенттік тыңдауға дайындық барысында біздің Комитет уәкілетті мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, ғылыми қоғамдастықпен және сарапшылармен 20-ға жуық жұмыс кездесулерін өткізді.
Бұл өңірлік дамудың жүйелік проблемаларын айқындауға және анықтауға мүмкіндік берді.
Ең алдымен,өңірлердің инфрақұрылымдық мәселелері.
Мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан, бүгінгі таңда жылу, электр қуаты және сумен жабдықтау жүйелерінің қатты тозуы, нашар жолдар, халықтың көпшілігі үшін тұрғын үйдің жетіспеуі мен қолжетімсіздігі, жекелеген өңірлерде газдың болмауы, ауыл тұрғындар үшін тұрмыс жағдайының қолайсыздығы және осыған байланысты реттелусіз көші-қон деңгейі - бірнеше жылдар бойықалыптасқанбасты проблемалар болып қалып отыр.
Егер оларды шешу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, бұл проблемалар жақын арада одан сайын ушығуы мүмкін. Осы проблемалардың әрқайсысына назарларыңызды аударамын.
Бірінші. «шешусіз түйіндердің» әсері жылу және электрмен жабдықтау саласындағы проблемаларды өршіте түсуде.
Бүгінгі таңда бұл салалардың әрбір буыны іс жүзінде көңіл көншітпейтін күйде.
Мәселен, Мәулен Сағатханұлы айтқандай, электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы 57%-ды құрайды. Ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш 88%-ға жетеді.
Электр желілерінің 66 пайызғатозуы өңірлердің желілерінде тасымалдау кезінде электр энергиясының 11%-ға жоғалуына әкеліп отыр.
Өңірлер бөлінісінде желілердің тозу деңгейінде елеулі алшақтық байқалады. Мысалы, Астана қаласында бұл көрсеткіш 29,5% болса, Ұлытау облысында - 70%, Қостанай облысында - 85,3%.
Жылу энергиясын өндіру, тарату және жабдықтау саласындағы жағдай сыни деңгейге жетті.
Жыл сайын артып келе жатқан жылу электр орталығы жабдықтарының орташа тозудеңгейі66%-ға жетті.
Еліміздің әрбір екінші жылу электр орталығының тозуы орташа республикалық көрсеткіштен асып, жекелеген өңірлерде 92%-ға жетеді.
Жылумен жабдықтау секторында да осындай жағдай қалыптасуда.
Қазіргі уақытта 3 мың шақырымнан астам жылу желілерін ауыстыру қажет, яғни олардың жалпы ұзындығынан шамамен 30%.
Бұл ретте жылу желілерін жаңғырту жөніндегі жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру үрдісі байқалады.
Жылу энергиясының жетіспеушілігі проблемасы артып келеді.
Елорданы дамыту жөніндегі жақында өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы бұл мәселеге назар аударып, Астана қаласында жылу энергиясының тапшылығы 300 гигакалориядан асатынын атап өтті. Осындай проблема Жезқазған, Семей, Тараз, Павлодар сияқты қалаларға да тән.
Барлық осы проблемалардың басты себептерінің бірі – ол олигополия және жылу мен электр энергетикасы кәсіпорындарының аффилиирленуі болып табылады.
Жылу электр орталығының шамамен 60%-ы жеке меншікте, 64% электр энергиясын тек 5 компания өндіреді.
Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Үкімет «Жылу энергетикасы туралы» Заң жобасын әзірледі.
Бұл құжат бірқатар маңызды новеллалардың болуына қарамастан, өкінішке орай, қазіргі сыни жағдайды түзету үшін нақты шараларды қамтымайды. Яғни, осы саланың барлық өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты заңнамалық түсінік жоқ.
Энергетика министрлігі әкімдіктердің жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарларын әзірлеу, тарифтерді көтеру және бюджет қаражатын бөлу арқылы жағдайды реттеуге тырысады.
Сондықтан ел экономикасын монополиясыздандыру қажеттілігін ескере отырып, осы Заң жобасын ағымдағы сын-қатерлерге барынша бейімдеуді қамтамасыз ету қажет деп санаймыз.
Екінші. Қабылданған Мемлекеттік бағдарламалар халықты ауыз сумен толық қамтуға қол жеткізу жөніндегі негізгі міндетті шешпегенін мойындауымыз қажет.
Бүгінгі таңда тіпті қала халқы да осы негізгі қажеттілікпен толық қамтамасыз етілмеген.
Еліміздегі қала халқының 98%-дан астамы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізгеніне қарамастан, 9 өңірде бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен төмен.
Бұл ретте, қамтамасыз ету деңгейі 100% жететін өңірлерде де ауыз судың сапасы мен жетіспеушілігі проблемалары бар. Мысалы, Ақтау және Жезқазған сияқты қалаларда.
Ауылдық жерлерде сумен жабдықтау одан да нашар. Себебі 10 облыстың ауылдарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден төмен.
Талдау көрсеткендей, сумен жабдықтау және су бұру проблемаларын елді мекендерді ауыз сумен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің Заңдардағы ведомстволық «елді мекенде» және «елді мекеннен тыс жерлерде» нормаларына бөлуінуі мәселені шешпейді.
Өйткені бұл өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені.
Сондықтан бұл нормаларды қайта қарап басқа механизмдер қарастыру қажет деп есептейміз.
Сондай-ақ, өзекті мәселелердің бірі ауылдық елді мекендерде пайдаланушы қызметтердің болмауы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының тозуы болып табылады.
Нәтижесінде, салынған су құбыры желілері әкімдер аппараттарының балансында қалады не өздерінің тікелей міндеттемелерін орындамайтын бейінді емес кәсіпорындарға немесе ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беріледі.
Осыны ескере отырып, қысқа мерзімде пайдаланушы ұйымдар қызметінің оңтайлы механизмін анықтау керек деп санаймыз. Атап айтқанда - оларды бәсекелестік ортаға беру арқылы немесе коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жанынан бюджет қаражаты есебінен жасақталған пайдаланушы топтар құру арқылы.
Жағдайды толық білу үшін, өңірлерде, әсіресе ауылдық елді мекендерде су құбыры желілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Үшінші. Өңірлердің экономикалық дамуы, әрі тұтастай елдің дамуы, бірінші кезекте тікелей республикалық маңызы бар жолдар желісінің жай-күйіне байланысты.
Бүгінгі таңда республикалық автожолдардың жартысынан сәл астамы ғана жақсы жағдайда.
Бұл ретте жолдардың шамамен үштен екісі бір жолақты әр бағыт бойынша III-V техникалық санатқа ие жолдар.
Сонымен қатар, көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыру мерзімдері үлкен сұрақтар туғызады. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Балқаш», «Қалбатау – Майқапшағай», «Мерке – Бурылбайтал», «Қызылорда – Жезқазған», «Қарағанды – Жезқазған» және «Жезқазған – Арқалық».
Біз бұл мәселені өткен жылдың соңында көтеріп, Премьер-Министрдің атына тиісті депутаттық сауал жолдадық.
Сондықтан, республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту және салу жөніндегі барлық жобаларды уақтылы және сапалы аяқтау жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне үкіметтің назарын тағы да аударғым келеді.
Ресми деректер бойынша 15%-ы ғана нормативке сәйкес келмейтін жағдайда тұрған жергілікті жолдардың жағдайы да жақсы емес. Бұл көрсеткіш те, халық наразылығын ескерсек, күмән туғызады.
Жолдарды жөндеуге барлық өңірлер үшін бірыңғай тәсілдер қолданатынына қарамастан, облыстар бөлінісіндегі олардың жай-күйінде айтарлықтай алшақтық байқалады.
Егер Маңғыстау облысында жолдардың 95% нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2,5 есе төмен - тек 39%.
Жалпы, жолдарды дамыту бойынша ахуал жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша ең жақсы және ең нашар жолдары бар елдер рейтингінде Қазақстан тек 93-орынды иеленіп, тіпті Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Армениядан да артта қалды.
Сондықтан біз жергілікті жолдардың барлық учаскелерін диагностикалауды және паспорттауды жүргізуді ұсынамыз.
Бұл ағымдағы жағдайды анықтау және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы тетігін әзірлеу үшін маңызды.
Бұл ретте бұл тетік тек өңірлердің нақты қажеттіліктерінен туындауы тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, әкімдердің «қол жеткізу қауқарына», біреулердің жеке қалауына және басқа да субъективті факторларға тәуелді болмауы тиіс.
Бұдан басқа, жергілікті жолдарды күтіп ұстау және пайдалану жөніндегі жұмысты жетілдіру мақсатында біз жол-пайдалану мекемелерін күшейте отырып, бірыңғай оператор құру мәселесін қарауды ұсынамыз, олардың жұмысын жергілікті атқарушы органдар бақылайтын және қабылдайтын болу керек.
Төртінші. Қабылданған шараларға қарамастан, қала мен ауыл арасындағы «цифрлық алшақтық» әлі де сақталуда.
Қазіргі уақытта 1 320-дан астам ауылда мобильді интернет жоқ, оның шамамен 40%-ы үш солтүстік өңірге - Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Бұл ретте өңірлердің бөлінісінде ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету деңгейі Ұлытау облысында 55% - дан Жамбыл облысында 94%-ға дейін ауытқиды.
Үкімет бұл мәселені «Қолжетімді Интернет» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде шешуді жоспарлап отыр.
Сондықтан бұл жобаны іске асыру, ең алдымен, еліміздің проблемалық өңірлеріндегі «цифрлық теңсіздікті» жоюға бағытталуы тиіс деп санаймыз.
Жоғарыда аталған барлық проблемалар сенаторлардың халықпен кездесулерінде, сондай-ақ Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырыстары барысында талқыланатын басты тақырып болып табылады.
Мемлекет басшысы Сенатты аймақтардың мүдделерін білдіретін палатаға айналдыру міндетін қойғанын ескере отырып, облыстардың инфрақұрылымдық проблемалары сенаторлардың ерекше назарында болады.
Инфрақұрылымның тозуы өңірлердегі жұмыс орындарының жетіспеушілігімен қатар көші-қон процестерінің күшеюіне әкелетінін түсіну қажет.
Мәселен, 2010-2020 жылдар аралығында көші-қон ағыны есебінен халықтың өсуі Ақтөбе облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды, бұл өңірлерде бүгіннің өзінде ел халқының 36%-ы тұрады.
Сонымен қатар, халықтың жүйелі түрде кетуі Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алуда.
Мұның бәрі, сайып келгенде, өңірлер арасындағы елеулі әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздіктерге ғана емес, сондай-ақ елді мекендердің, әсіресе шекара маңы облыстарының әлсіз қоныстануына байланысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің туындауына алып келеді.
Сондықтан өңірлерде жұмыс орындарын ашу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жақын арада орталық және жергілікті билік үшін басым міндет болуға тиіс.
Бұл ретте бұл жұмыс, ең алдымен, өңірлік стандарттар жүйесіне байланысты және қалалық және ауылдық тұрғындар үшін әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылымдар объектілері мен қызметтерінің қолжетімділігінің ең төмен міндетті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталып жүргізілуге тиіс.
Өз кезегінде, 2019 жылдан бастап қолданыстағы өңірлік стандарттар жүйесі қайта қарауды талап етеді деп есептейміз, өйткені ауылдық елді мекендер үшін бекітілген объектілер мен қызметтер тізбесі ветеринариялық пункт, мал қорымдары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сияқты маңызды орындарды көздемейді.
Мәселелердің келесі блогы жұмыс істеп тұрған өңірлік даму институттарының тиімсіздігімен байланысты.
Үкіметтің Тұжырымдамасына сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары өңірлердің өсуі тұрғысынан экономикалық белсенділікті ынталандыратын өңірлік даму институттары ретінде анықталған.
Іс жүзінде жағдай басқаша.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйене отырып, әлеуметтік корпорациясы көбінесе соңғы жылдары жекелеген үкіметтік бастамаларды іске асыруға көп тартылғанын айтуға болады. Олардың ішінде микроқаржы ұйымдарын құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б. бар.
Бұл ретте, барлық қаржылық шығындар мен тәуекелдерді әлеуметтік корпорациясы, көбінесе – жергілікті бюджеттер көтеріп отырды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпаратына сәйкес әлеуметтік корпорациясы көбінесе корпоративтік қорларға, түрлі компанияларға жеңілдікпен қарыздар беру түріндегі қаржылық көмек көрсетеді.
Мысалы, 2019-2021 жылдары «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Ақсу қант» серіктестігіне 3,3 млрд. теңгеге пайызсыз көмек көрсетілді, оның 2,7 млрд.теңгесі шарт бойынша мерзімінде қайтарылмады.
Әлеуметтік корпорациясының көп бөлігі тиімсіз болып табылады. Мәселен, он әлеуметтік корпорациясының жиынтық шығыны шамамен 17,4 млрд. теңге.
Ал басқа әлеуметтік корпорациясының табыстылығы күмәнді болып табылады, өйткені ол негізінен депозиттерде орналастырылған бюджет қаражаты бойынша пайыздар есебінен, сондай-ақ балансқа берілген мемлекеттік мүлікті жалға беруден қалыптасады.
Яғни, әлеуметтік корпорациясының нақты қызметі оларды құрудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, бүгінде орталық деңгейде әлеуметтік корпорациясының қызметінің бағыттары туралы нақты түсінік жоқ.
Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік корпорациясының еркін бәсекелестік нарығындағы қызметін төмендету бойынша ұстанымын қорғайды. Ал, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері әлеуметтік корпорациясының азық-түлік тауарлары нарығында болуын арттыру міндетін қойып отыр.
Мұндай жағдай, ең алдымен, Үкімет пен жергілікті билік тарапынан бірыңғай мемлекеттік тәсілдің, заңнамалық реттеудің және әлеуметтік корпорациясының қызметіне тиісті бақылаудың болмауына байланысты туындады деп санаймыз.
Үкімет осы проблемалардың барлығын әлеуметтік корпорациясының қызметін жетілдіру жөніндегі нақты шараларды көздемейтін әлеуметтік корпорациясы 2025 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарының көмегімен шешуге тырысады.
Қолданыстағы Өңірлік даму институттарына трансформациялау үшін әлеуметтік корпорациясының қызметін реттеу бойынша жеке Заң әзірлеуді орынды деп санаймыз.
Бұдан басқа, әлеуметтік корпорациясы арқылы жер учаскелерін беру механизмін заңнамалық реттеу қажет, өйткені дәл осы салада үлкен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.
Сондай-ақ, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қайта форматтау мәселесін қарастырған жөн.
Осы аймақтардың қызметіне тән проблемалық мәселелер мен кедергілер сенаторлардың депутаттық сауалдарында бірнеше рет көтерілді.
Өңірлер бөлінісінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру кезіндегі диспропорция назар аударуды талап етеді.
Өздеріңіз білетіндей, арнайы экономикалық аймақтар құру мақсаттарының бірі инвестиция тарту болып табылады.
Алайда, бүгінде арнайы экономикалық аймақтар негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінің 30%-дан астамын құрайтын елдің 9 өңірінде жоқ.
Бұл ретте арнайы экономикалық аймақтар 2022 жылғы инвестициялар көлемі бойынша еліміздің ТОП-5-тігі өңіріне кіретін Ақтөбе облысында да жоқ.
Сонымен қатар, бұл көрсеткіш Ақтөбе облысына қарағанда 3,5 есе төмен және еліміз бойынша ең төмен болып табылатын Жетісу облысында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.
Индустриялық аймақтарындағы да жағдай осыған ұқсас.
Бүгінде барлық индустриялық аймақтардың 80%-ы Қазақстанның оңтүстік бөлігінде шоғырланған. Тек Түркістан облысында осындай 9 аймақ жұмыс істейді.
Бұл ретте елдің солтүстік және батыс бөліктерінде, ал бұл 8 облыс, тек - Қостанай және Ақтөбе облыстарында ғана бір-бір индустриялық аймақтан бар.
Елдің үш аймағында арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтар жоқ. Бұл Ұлытау, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары.
Өңірлердің мамандануын ескере отырып, арнайы экономикалық аймақ жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Бұдан басқа, қолданыстағы индустриялық аймақтарға, оның ішінде олардың тиімділігі мен перспективалы жобалардың болуына ревизия жүргізуді ұсынамыз.
Бүгінде өңірлердің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
Бизнесті дамытудың негізгі әлеуеті ірі қалаларда шоғырланғанын мойындау керек. Ал ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың осы бағытта даму әлеуеті өте шектеулі.
Мәселен, бүгінде Астана және Алматы қалалары еліміздің осы секторында жұмыспен қамтылғандардың үштен бір бөлігін, сондай-ақ шағын орта кәсіпкерлік өнімінің жалпы көлемінің жартысын (46%) құрайды.
Жалпы, қазіргі уақытта қалаларда 86% микро, 85% шағын және 90% орта кәсіпорындар орналасқан.
Сондықтан жеңілдетілген кредиттік ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ауылдық жерлерде, шағын және моноқалаларда бизнес-бастамаларды дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру маңызды.
Сонымен қатар, еліміздің өнеркәсіптік өнімдерінің шамамен 40% өндіретін моноқалалардың экономикасын әртараптандыру қажеттілігіне Мемлекет басшысы назар аударды.
Моноқалаларда тау-кен, мұнай-газ, металлургия, химия салаларының ірі кәсіпорындарының басым бөлігі шоғырланғанын ескере отырып, олардың моноқалалардың тағдыры үшін жауапкершілігін арттыру қажет.
Мәселен, осы кәсіпорындар үшін ел-ішілік құндылық пен экспортқа бағдарлануды ескере отырып, шығарылатын қосылған құны жоғары өнім ассортиментін кеңейту бойынша орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларды әзірлеу жөніндегі міндеттемелер мен тетіктерді енгізу қажет деп санаймыз.
«Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң аясында осы шарттарды іске асыруға толық негіз бар.
Бұл - жұмыспен қамтуды, кірістерді, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін бірінші кезекте маңызға ие және, сайып келгенде, барлық қазақстандықтар үшін ұлттық байлықтың әділ бөлуінуіне ықпал ететін болады.
Құрметті парламенттік тыңдауға қатысушылар!
Елдің экономикалық дамуы тұтастай алғанда оның өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.
Өз кезегінде, өңірдің бәсекеге қабілеттілігі оның әлеуетін пайдалану дәрежесі мен тиімділігімен анықталады.
Өкінішке орай, жергілікті атқарушы органдар қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбайды.
Ал орталық мемлекеттік органдар өңірлермен тығыз өзара іс-қимылды бағдарға алмайды.
«Орталық» пен өңірлер арасында тиісті байланыстың жоқтығының дәлелі фактіден кейінгі немесе «ушыққан жағдайды реттеу» тәртібінде көптеген мәселелерді шешудің қалыптасқан тәжірибесі болып табылады.
Үкімет көбінесе Мемлекет басшысының сынынан немесе қоғамдық резонанстан кейін ғана өңірдегі мәселелерге назар аударады.
Басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді теңгерімді бөлу жөніндегі жұмысты күшейту қажет.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде проблемаларды шешу үшін жеткілікті өкілеттіктерге ие болуға тиіс. Ал өңіраралық мәселелер орталық деңгейде шешілуі тиіс.
Проблемалардың ауқымдылығы мен тереңдігі өңірлердің одан әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге қауіп төндіретінін түсіну қажет.
Сондықтан өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жедел және ұтымды шаралар қабылдау маңызды.
Біздің түпкі мақсатымыз - бәсекеге қабілетті экономикасы және халықтың өмір сүру сапасы жоғары мықты өңірлердің елдің үдемелі дамуында басты қозғаушы күшке айналуы.
Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рақмет.