С.Ж. Шайдаровтың жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысындағы баяндамасы ү.ж. 23 мамыр Сенаттың отырыс залы, сағат 11.00-де өтті
С. Ж. Шайдаровтың өзара іс-қимыл жөніндегі
баяндамасының жобасы жергілікті өкілді
органдармен (мәслихаттармен) 23.05.23 ж.
сағат 11:00-де өтеді сенат мәжіліс залында
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті отырысқа қатысушылар!
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады» деді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласы шеңберінде және Сенаттың шын мәнінде елдің өңірлерінің мүдделерін білдіретін Палатаға айналуы керектігін ескере отырып, Сенат жұмысы елдің өңірлерімен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.
Осыған байланысты «Өңір» депутаттық тобының құрамы мен жұмысы жаңартылды.
Депутаттық топтың алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің бірі Президент тапсырмаларының, ұлттық жобалардың іс жүзінде іске асырылу барысына мониторинг жүргізу, сондай-ақ 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын іске асыру болып табылады.
Сонымен қатар, өңірлердің проблемаларын зерделеу және оларды шешу бойынша тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу де жұмысымыздың маңызды бағыты болмақ.
Бұл жұмыста Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеспен және қоғамдық кеңестермен тығыз байланыс орнату үлкен көмек болатыны сөзсіз.
«Өңір» тобының мәслихаттармен екіжақты коммуникация құруға бағытталғандығын депутаттар құрамы да куәландырады.
Мәселен, біздің депутаттық топ 19 сенатордан немесе әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қаладан бір-бір өкілден тұрады.
Біздің ойымызша, бұл тәсіл үйлесімді және тиімді жұмыс істеп қана қоймай, топтың ұтқырлығын қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, мұның бәрі әрбір өңірдің мәслихаттарына «Өңір» - депутаттары тобының мүшелері арқылы ұсыныстарын жедел енгізуге және оларды орталық деңгейде белсенді түрде насихаттауға мүмкіндік береді.
Яғни, барлық деңгейдегі депутаттардың сындарлы өзара іс-қимылы бойынша өзіндік «депутаттық сатылас жүйе» қалыптастырылатын болады.
Жаңартылған «Өңір» тобының бірінші отырысы ағымдағы жылдың 30 наурызында Сенат төрағасының басшылығымен өтті, онда сіз Мәулен Сағатханұлы келесі басым бағыттарды анықтап, одан әрі жұмыс алгоритмін белгілеп бердіңіз. Олар:
1) Сенат тарапынан өңірлердегі мәселелерді шешуге жүйелі ықпал ету;
2) мәслихат депутаттарын жүйелі түрде заң шығару қызметіне тарту;
3) қабылданған заңдардың жергілікті жерлердегі орындалуын бақылау;
4) мәслихат депутаттарының басқа жұмыстарға жүйелі қатысып отыруы.
Айта кету керек, қазіргі заманғы сын-қатерлер орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өзара іс-қимылының жаңа форматын талап етеді.
Мәселен, Өңір тобының өткен отырысында біз өңірлердің барлық проблемалық мәселелерін уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен осы өңірлерге барып шешу қажет дегенді ұсындық. Сіз бізді қолдадыңыз!
Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Жуырда «Өңір» тобының үш депутаты Ұлытау облысына барды. Сенаторлар өңірдегі мәслихат депутаттарымен, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің орынбасарларымен бірлесіп 2 маңызды мәселені талқылады. Бұл ауыз сумен қамтамасыз ету және жолдардың жағдайы. Сапар барысында Үйтас-Айдос су құбырын қайта жаңарту және Есқұла су құбырын салу барысы, сондай-ақ «Жезқазған – Қызылорда»,
«Жезқазған – Арқалық» автожолдарының жай-күйі қаралды, көптеген проблемалық мәселелер анықталды, кейбіреуі сол жерде шұғыл шешілді.
Біз өңірлердің мәселелерін тиімді шешу Сенат депутаттарының, мемлекеттік уәкілетті органдардың және мәслихат депутаттарының бірыңғай үйлестіруімен ғана мүмкін болатынына тағы да көз жеткіздік. Осы жиналысқа Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Шыңғысов Бауыржан Қабденұлы қатысып отыр. Қажет болса, бұл тетікті іске асырудың тиімділігі туралы өзінің көзқарасын білдіреді деп ойлаймын.
Орталық өкілді және атқарушы органдармен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын, даму институттары мен өңірдің кәсіпкерлерін тарту қажет.
Осы басымдықтарды ескере отырып, «Өңір» депутаттық тобы жұмыс жоспарын әзірлеп бекітті, оған Сенат депутаттарының ұсыныстары енгізілді. Бүгінгі таңда біз өзіміз үшін 3 негізгі бағытты айқындап көрсеттік: 1) Заң шығару жұмысы; 2) Өңірлердегі проблемалық мәселелердің тәуекелдерін басқару жөніндегі жұмыстар; 3) Жергілікті мемлекеттік органдармен, тұрғындармен жұмыс жүргізу. Жұмыс жоспарына мынадай бағыттар енгізілді: шағын орта бизнесті дамыту мен қолдау, агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін ұлғайту аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, импортты алмастыру, Қазақстандағы ішкі көші-қон процестері: проблемалары мен оларды шешу жолдары, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде өңірлерді инфрақұрылымдық дамытудың проблемалық мәселелерін қарау, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру.
Депутаттардың бастамалары шеңберінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасалатын болады. Атап айтқанда: Жер кодексіне және инфрақұрылымды дамытуға қатысты заңдарға өзгерістер енгізу және тағы басқа мәселелер.
Сондай-ақ Сенат жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеспен жүргізілетін жұмыстарды күшейту маңызды деп санаймыз. «Өңір» депутаттық тобы осы жұмысқа қосылуға дайын.
«Өңір» депутаттық тобының – мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің – жобалық кеңсенің үш жақты бірігуі сөзсіз үштұғырлы әсер береді және заң шығару жұмысын жетілдіруге, өңірлердегі проблемаларды шешуге оң ықпал беретіні сөзсіз.
Ынтымақ берекелі іске жетелейді, ынтымақ болмай іс оңбас дегендей, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жолында бірігіп атқарған жұмысымыз табысты, берекелі болсын.
Баяндама аяқталды, рақмет!