ҚР Премьер-Министрі А. А. Смайыловтың атына экономика комитетінің депутаттарынан және С. Ж. Шайдаровтың жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар мен елді мекендер көшелерінің жай-күйі туралы депутаттық сауалы
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А.А. СМАИЛОВҚА
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Елді мекендердегі жалпы пайдаланатын және олардағы көшелердің автожолдары ел тұрғындары тарапынан жүйелі түрде әділ сынға ұшырап келеді.
2021 жылғы 22 сәуірде Мемлекет басшысы осы жағдайды тез арада түзету жөнінде тапсырма берді.
Орын алған осы проблемаларға тағы да назар аударғымыз келеді:
1. Республикалық автомобиль жолдары желiсiн басқаруды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi жүзеге асырады. Республикалық жолдарға жыл сайын бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелері оларды дамыту мен күтіп ұстауға үнемі қаржы тапшылығын бастан кешіретін жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Жол жұмыстарының сапасын бақылау жергілікті деңгейде нашар ұйымдастырылған. Жөндеуді жоспарлау тиісті талдаусыз жүзеге асырылады.
Елдегі бүкіл жол жүйесі жұмысының тиімділігін сапасы бойынша бағалау үшін пайдаланылатын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын теңгерімді дамыту мен күтіп ұстауды қамтамасыз ететін, пайдаланудағы барлық автомобиль жолдарын басқаратын бірыңғай әкімші құру қажет. Елді мекендердің көшелері ғана жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде қала бергені дұрыс.
2. Елімізде жол салу мен жөндеуге қажетті материалдардың барлығы бар. Алайда отандық өндірістің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Мысалы, битум шығаратын үш зауыт болғанымен, жазғы кезеңде шамамен 500 мың тонна битум тапшылығы пайда болады.
Құрылыс маусымының қызған шағында битумның бағасы үш есе өскен кезде өндірушілер битумды тек делдалдарға ғана сатады, олар соның барлығын сатыпалады да мердігерлерге қайта сатады. Осыған ұқсас жағдай дизельдік отын бағасына қатысты да белең алып отырғаны рас.
Маусымдық баға ауытқуларының алдын алу үшін тиімді шараларды әзірлеп, іске асыру қажет, оның ішінде:
- инвесторларды тарту және мамандандырылған мұнай өңдеу зауытының құрылысын тез арада іске қосу; оның өнімдері дизельдік және авиаотынға қатысты жағдайды түзетуге көмектеседі;
- құрылыс маусымының шарықтау кезеңінде тапшылықтың орнын толтыру және бағаны ұстап тұру мақсатында қажетті ресурстардың стратегиялық резервтерін құру үшін жұмыс істеп тұрған өндіріс объектілерінде сақтау желісін дамыту;
- жергілікті нарықтағы ресурстарды жеткізу тізбегінен пайдасы жоқ делдалдарды шығарып тастау – мұнай өңдеу зауыттарын мердігерлермен тікелей келісім-шарттар жасауға міндеттеу;
- Ресей Федерациясынан битум жеткізуге шектеулерді алып тастау;
- соңғы шара ретінде – ішкі бағаны реттеу шараларымен қатар, қазақстандық битумды экспортқа шығаруға ақылға қонымды маусымдық шектеулер енгізу.
3. Негізгі жол құрылысы мен жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне байланысты қазіргі уақытта көптеген учаскелердегі жұмыстар жасалған келісім-шарттарда көзделген бағаларды түзетуге дейін тоқтатылды. Реттеу рәсімдері бірнеше айдан бір жылға дейін созылады, бұл жұмысты аяқтаудың мерзімдерінің бұзылуына әкеледі.
Мәселені шешу үшін барлық жол жобаларына, соның ішінде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларға әлемнің 120-дан астам елінде қолданылатын FIDIC халықаралық келісімшартының стандартты шарттарын шұғыл түрде енгізу қажет.
Бюджет кодексіне, Мемлекеттік сатып алу туралы, заңға, тиісті салалық жобалық-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздемені түзетпей, бағаны көтеру нормаларын енгізу бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Ұсынылған шаралар ірі халықаралық ойыншылар үшін қазақстандық жол жобаларының тартымдылығын арттырады, бұл жұмыс уақытын қысқартуға және жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
4. Соңғы жылдары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердегі көшелерді жөндеуге қомақты қаржы бөлініп келеді. Бөлінген қаражат негізінен орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға жұмсалады, оның да сапасы сын көтермейді.
Себебі, сметалық құжаттама мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан да, ведомстволық сараптамадан да өтпейді. Конкурстарда 40 пайызға дейін жеңілдеткен компаниялар жеңіп шығады, бұл сапаға кері әсер етеді. Заңға тәуелді актілермен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге міндетті ведомстволық сараптаманы енгізу қажет.
5. «Сапа және жол активтері орталығы» РМК тарапынан сапаны бақылау жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына қолданылмайды. Қалалар мен ауылдар көшелерін қоса алғанда, барлық жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін бірыңғай келісім-шарт жасасу арқылы бұл кәсіпорынның жауапкершілік аясын кеңейту қажет.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, көтерілген мәселенің аса өзектілігі мен әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, құрметті Әлихан Асханұлы, Сізден тиісті мемлекеттік органдарға орын алған осы проблемаларды мұқият зерделеп, олардың шешімін табуын қамтамасыз етуге тапсырма беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
С. ШАЙДАРОВ
Д. ӘДІЛБЕКОВ
Е. СҰЛТАНОВ
С. АЛДАШЕВ
Б. ҚАНИЕВ
С. ЛҰҚПАНОВ
Е. МАМЫТБЕКОВ
Л. РЫСБЕКОВА