Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің атына депутаттық сауал

22.02.2024 149

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі 

О.А.Бектеновке

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі өте өзекті мәселе болып қалып отырғаны атап өтілді. Ресми статистикаға сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің саны (оның ішінде өліммен аяқталған) 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға артып, 2449 адамды құрады, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жасырын жарақаттану көрсеткіші 11:1 құрады, бұл әлемнің дамыған елдерінің көрсеткіштерімен салыстырғанда жоғары деңгей. Қауіпсіз еңбектің негізгі индикаторлары жұмыс орнындағы өндірістік тәуекел деңгейін сипаттайтын және кәсіпорындардағы еңбекті қорғаудың нақты жағдайын көрсететін өндірістік жарақаттану көрсеткіштері болып табылады.

Өндірістік жарақаттану деңгейі жоғары өңірлер Қарағанды облысы, Ұлытау облысы және Шығыс Қазақстан облысы болып табылады.

Бүгін бізге, Ұлытау облысынан Сенат депутаттарына Қазақмыс корпорациясының еңбек мүгедектерінен (регрессниктерден) көптеген өтініштер келіп түсуде.

Қызметкерлерге қатысты әділетсіздік мыналардан тұрады:

Азаматтық кодекстің 944-бабының 1-тармағына сәйкес (1999 жылғы редакцияда) еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне немесе жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргізіледі. 2015 жылы көрсетілген норманың өзгеруіне байланысты Азаматтық кодекстің 944-бабының диспозициясы мынадай редакцияда жазылды: жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.

Осылайша, өзгеріс енгізілгенге дейін еңбек ету қабілетінен айырылған жұмысшылар зейнеткерлікке шыққанына қарамастан өтемақы алады.

Ал 2015 жылдан бастап еңбекке жарамсыздық дәрежесін белгілеген жұмысшылар зейнеткерлікке шыққанға дейін регрессиялық төлемдер алады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін төлемдер тоқтатылады.

Сондай-ақ, жұмыскерлер ҚР Азаматтық Кодексінің 983-бабының 6-тармағын қайтару мәселесін көтереді, ол жұмыс берушінің сол кәсіп пен біліктіліктегі қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайту кезінде өндірістік жарақат алған қызметкерге жоғалған жалақыны (табысты) өтеу сомаларын қайта есептеуді көздейді.

Ұлытау облысы бойынша 1.10.2023 жылғы жағдай бойынша кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылу және/немесе мүгедектік белгіленген адамдардың жалпы саны 3330 адамды құрайды, оның ішінде 2015 жылғы 10 мамырға дейін 2241 адам, 2015 жылғы 10 мамырдан кейін 1089 адам. Сандарға қарап, айтпаса да түсінуге болады.

Барлық жұмысшылар бірдей жағдайда, бірдей кәсіпорындар мен шахталарда жұмыс істейтіне қарамастан, мүгедек жұмысшылар екі топқа бөлінеді. Олар өздерінің үндеулерінде бұл мүлде ақылға қонымсыз және әлеуметтік кемсітушілікке толы дейді.

Президентіміз бірнеше рет: біз әділ Қазақстанды – тең мүмкіндіктер мен прогресс елін құрып жатырмыз деп айтқан болатын. Сондықтан, әділдікті қалпына келтіріп, Азаматтық кодекстің бұрынғы нормаларын жұмысшылардың пайдасына қайтаратын уақыт келді деп санаймыз.

2024 - 2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасына сәйкес жоспарланған шаралар еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды жақсартуға ықпал ететін болады делінген.

Осыған байланысты біз мыналарды ұсынамыз:

1. Экономикалық ынталандыруда адам басты бағдарға алынуға тиіс. Жұмыс беруші қызметкерлердің денсаулығы, қауіпсіздігі мен әл-ауқаты кәсіпорында басымдық болып табылатынына, әлеуметтік тұрғыдан жауапты болатынына кепілдік беруі керек.

2. Жәбірленуші зейнеткерлікке шыққаннан кейін еңбек міндеттерін орындауы кезінде жоғалтқан табысы бөлігіндегі зиянды өтеу толығымен жұмыс берушіге жүктелу керек. Бұл зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар кәсіпорынға қатысты бола отырып, кәсіпорындарды жұмыс орындарындағы өндірістік тәуекел деңгейін төмендетуге, еңбекті қорғау саласындағы құзыреттілікті арттыруға және барлық қызметкерлерді сақтандыруға күш-жігер жұмсауға ынталандырады.

Сіз, құрметті Олжас Абайұлы, Үкімет отырысында 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың меншік иелерімен жақын арада жоғары деңгейдегі жаңа өндірістерді құру бойынша келіссөздер жүргізу туралы тапсырма бердіңіз, бұл экономика үшін өте маңызды, егер сіз қарсы міндеттемелерде регрессиялық талап қоюшы жұмыскерлердің проблемаларын шешу туралы тапсырма берсеңіз, бұл барлық жұмыстарды тікелей орындайтын жұмысшыларға жасалған нақты қамқорлық болар еді.

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының            27-бабына сәйкес заңда көзделген мерзімдерде депутаттық сауалға жауап беруді сұраймыз.

 

 

 

          Құрметпен,

          депутаттар                                                                 С. ШАЙДАРОВ

                                                                                     

                                                                                                С. МЕДЕБАЕВ  
Бөлісу