Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің атына депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев республикалық бюджеттен бірінші кезекте нақты өңірдің жалпыұлттық деңгейден артта қалуын қысқартуға арналған жобалар қаржыландырылуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл жағдайда, ел Президенті өмір сүру деңгейін қолдау және жекелеген өңірлерді дамытуда ауытқуға жол бермеу туралы айтты. Біз, Ұлытау облысынан Сенат депутаттары, аталған мәселелерді бірнеше рет көтергенбіз. Сіз 2024 жылдың тамызында облысқа жұмыс сапарымен барып, 37 хаттамалық тапсырма бердіңіз.
Көптеген сұрақтар өз шешімін тапқаны үшін рақмет. Қызылорда-Жезқазған жолын қайта жаңарту (Ұлытау облысының аумағы) бойынша жұмыстар қозғалды, Үйтас-Айдос су құбырын қайта жаңарту бойынша жұмыстардың І-кезегі аяқталды. Жаңаарқа, Қаражал, Жәйрем және Кеңгір елді мекендерінде газдандыруды бастауға қаржы бөлінді.
Алайда, хаттамада көрсетілген шешілмеген мәселелер қалды. Ең маңыздыларына назар аударайық, бұл:
1. «Жезқазған қаласы Айдос кен орнының жерасты суларының су қабылдағыш құрылыстарын қайта жаңарту» 2-кезек бойынша 2025 жылға
1,3 млрд. теңге бөлінді, қажеттілігі 6,8 млрд. теңге;
2. «Сәтбаев қаласы Есқұла кен орнының жер асты суларының су қабылдағыш құрылыстарын жаңғырту» 2025 жылға 700 млн. теңге бөлінді, қажеттілігі 4,8 млрд. теңге;
3. «Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысын қайта жаңарту, 2, 3 кезек» жобасы бойынша қымбаттауды ескере отырып – 10,2 млрд. теңге қажеттілік әзірге қолдау тапқан жоқ.
Бұл жобаларды аяқтамай, Жезқазған, Сәтбаев қалаларын және Кеңгір кентінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін емес.
Жылумен қамтамасыз ету бойынша негізгі мәселе қуаттың жетіспеушілігі болып қала береді. ТЭЦ-2 құрылысы әлі де шешілмеген. Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы тозығы 60%-ға жеткен жылу желілерін жөндеу үшін 15 млрд.теңге қажет. Сондай-ақ, жыл сайын экологиялық жағдай алаңдататын Сәтбаев қаласының қазандығы жаңғыртуды талап етеді.
Білім, ғылым және мәдениет саласында да жоспарланған жобаларды іске асыру кешіктірілуде. Денсаулық сақтау саласында перинаталдық және онкологиялық орталықтарды салу жобасын іске асыру мәселесі созылуда. Тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы алға жылжымаған. Ауыл шаруашылығында серпінді жобалар жоқ, саланың инфрақұрылымы дамымаған.
Көршілес Қызылорда немесе Түркістан облыстарындағы даму динамикасы біздің өңірдің дамуымен салыстыруға келмейді. Ұлытау облысының жалпыхалықтық деңгейден артта қалуын қысқарту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет деп санаймыз. Бұл біздің еліміздің Президентінің тапсырмасын орындаудың бір үлгісі болар еді.
Осыған байланысты, келесіні ұсынамыз:
БІРІНШІ. Сіздің төрағалығыңызбен хаттамалық тапсырмаларды орындау бойынша кеңес өткізу. Резервтік қордан 2025 жылы сумен қамтамасыз ету жобаларын аяқтау үшін жеткілікті қаржы бөлу, әйтпесе жобалардың одан әрі қымбаттауы сөзсіз және олардың қашан аяқталатыны белгісіз.
Мысалы, ел Президенті 2022 жылы өңірімізді 1,5 жыл ішінде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте, Есқұла су құбыры
2010 жылдан бастап салынып жатыр және осы уақытқа дейін нысан аяқталған жоқ.
ЕКІНШІ. Салықтық базаны кеңейтуге және облыс экономикасының құрылымын әртараптандыруға қатысты. Сіз Ұлытау облысының аумағынан Қызылорда облысына ұзақ мерзімді пайдалануға берілген жерлерді ұзарту туралы қаулы қабылдадыңыз.
Келесі мүмкіндіктерді:
- Ұлытау салық органдарында ұзақ мерзімді пайдалануға берілген жерлерде жұмыс істейтін заңды тұлғаларды (жер қойнауын пайдаланушыларды) қайта тіркеуді;
-жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар Ұлытау облысының бюджетіне аударуды қарастыруды сұраймыз.
Бүгінгі таңда пайдалануға берілген жерлерде жұмыс істейтін 9 жер қойнауын пайдаланушының тек 4-і ғана Ұлытау облысының бюджетіне аударады.
Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем толығымен Қызылорда облысына түседі, алайда Салық кодексіне сәйкес ластау көзiнiң орналасқан жерi бойынша, яғни Ұлытау облысының бюджетіне төленуі тиіс.
Сізден қолдау көрсетуіңізді және уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының
27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен,
С. ШАЙДАРОВ
С. МЕДЕБАЕВ