Қаныш Сәтбаевтың ғылыми-рухани мұрасы – ұлт қазынасы. Аты аңызға айналған көрнекті геолог-ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми және рухани мұрасы – ұлттық құндылықтарымыздың асыл қазынасы. 2024–2025 жылдары ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне арналған 30-дан аса кітаптың жарық көруі – осының айқын дәлелі. Бұл игі бастамаға «Халықаралық Сәтбаев қоры» мен «Отбасы хрестоматиясы» ұжымының Қамқоршылар кеңесінің төрағалары – Сенат депутаты, академик Алтынбек Нұхұлы және Мәжіліс депутаты Абзал Темірғалиұлы ұйытқы болды. Аталған еңбектер жас ұрпаққа тағылым беріп, Қаныш Сәтбаевтың отандық ғылым мен мемлекет дамуына қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған. Ұлт тарихына, ғылымына деген шынайы құрмет осындай нақты істер арқылы көрініс табады.