«Өңір» тобының депутаттары еліміз өңірлерінің проблемаларын шешуге атсалысуда
Сенатта «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде өңірлерді инфрақұрылымдық дамытудың проблемалық мәселелерін қарау» тақырыбы бойынша «Өңір» депутаттық тобының кезекті отырысы өтті.
Депутаттық топтың басшысы Серік Шайдаров өз сөзінде Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында өткен қыста жылу электр станцияларындағы апаттар сериясы жылдар бойы жинақталған инфрақұрылым проблемаларын ашық көрсеткенін, бұл қазақстандықтардың өмір сапасына теріс әсер ететінін атап өтті.
«Өңір» депутаттық тобы еліміз өңірлерінің проблемаларын шешуге тікелей атсалысуда. Бұған дейін біз жергілікті жерлердегі ағымдағы проблемаларға республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлуге үлес қостық. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», - деді сенатор Серік Шайдаров.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов өз кезегінде әлеуметтік игілік пен мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі, сондай-ақ өңірлердегі халықтың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіндегі өңіраралық алшақтықты төмендетуге қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
«Өңірлерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі аумақтық басқарудағы ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Жылу желілері, сумен жабдықтау және басқа да коммуналдық жүйелердегі проблемалар жаңа өндірістер ашуды қиындатып, әлеуетті инвесторларды тежейтіні анық. Инвестиция тарту және өңірлерде экономикалық өсуді ынталандыруға, әсіресе экономиканың негізгі секторларындағы инфрақұрылымды жақсарту қажетті шарт болып табылатынын атап өткім келеді», - деді сенатор Бұқтұғұтов.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков отырыс барысында 2022-2024 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламалардың іске асуы туралы сенаторларға айтып берді. Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ұлытау және Павлодар облыстары әкімдіктерінің басшылығы инфрақұрылымды дамытудағы проблемалар және оларды шешу жолдары туралы хабардар етті.