Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Еңбек адамы-ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау

28.02.2025 189

Бүгін Сенатта «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Отырыс барысында қатысушылар мүдделі тараптармен бірге күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ іс-шарада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, еңбек адамдарын қолдаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуге және жұмыс берушілердің кадр даярлау процесіне қатысуын кеңейтуге қатысты маңызды ұсыныстар айтылды.

 

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті. Соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау, сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек адамының мәртебесін арттыру және экономиканы әртараптандыру арқылы ішкі жалпы өнімді ұлғайту сияқты басымдықтар айрықша мәнге ие.

 

«Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға баса мән беріп отыр. Бұл – білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек идеологиясын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Парламенттік тыңдау барысында сенаторлар сарапшылармен, халықаралық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бірге еңбек адамдарын қолдауға арналған мамандандырылған бағдарламалар әзірлеу мәселесін талқылады. Бұл бастама кадрлар, жұмыс берушілер және білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Талқылау кезінде колледждердің қызметіне қатысты түйткілдерді бірлесіп шешу, бизнеспен бірге техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, цифрлық экономика дәуіріндегі еңбек нарығының сын-қатерлерін еңсеру, сондай-ақ, тау-кен-металлургия кешеніндегі еңбек ресурстарын дамыту стратегиясы туралы сөз болды.

 

Өз кезегінде сенатор Талғат Жүнісов баяндама жасады.

 

Іс-шараға қатысушылар барлық мүдделі тарап Мемлекет басшысы ұсынған жаңа еңбек идеологиясын дәріптеуге белсенді қатысудың маңызды екенін атап өтті. Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бұл жұмыс тек білім беру жүйесінің деңгейінде ғана емес, сонымен қатар еңбекті насихаттау және еңбек адамдарын құрметтеудің жаңа дәстүрін қалыптастыру арқылы кешенді түрде жүргізілуі керектігіне назар аударды. Тыңдау кезінде айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті ұсынымдарды әзірлеу барысында ескеріліп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады.

Бөлісу