Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

08.04.2025 108

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.

Құжат денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіруге, ойын бизнесін реттеуге және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмауға бағытталған. Мәселен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске мүгедектігі жоқ адамдарға есту протезі бойынша көмек көрсету туралы ереже, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеу жүргізу, сондай-ақ атмосфералық ауаның жай-күйі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында тоқсан сайын халықты хабардар ету туралы өзгерістер енгізіледі.

«Жарнама туралы» заңға ойын бизнесі жарнамасын таратуды шектейтін түзету енгізіледі: букмекер кеңселері мен тотализаторлар жарнамасына тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана жол беріледі, сондай-ақ ондай жарнаманы мобильді құрылғыларға жіберуге тыйым салынады. Бұдан басқа, «Ойын бизнесі туралы» заңға бас бостандығын шектеуге сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салынады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесін бақылау мен басқаруды жақсартуға бағытталған реттеуші органдардың функциялары нақтыланады.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

Бөлісу