«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде отырыс өтті, оның барысында сенаторлар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманы кодификациялауды көздейтін Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексін қарады. Құжат қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, қолайлы инвестициялық ахуал жасауға, құрылыс саласында цифрлық құралдарды енгізуге және қала құрылысындағы жобаларды іске асыру ісін бақылауды күшейтуге бағытталған. Негізгі жаңалықтардың қатарында бірыңғай құрылыс порталын жасау, сейсмикалық микроаймақтандыру карталарын міндетті түрде пайдалану, құрылыс нысандарын паспорттау, ескі тұрғын үйлерді жаңарту тетіктерін дамыту және қоғамдық бақылауды күшейту бар.
Отырыста сондай-ақ қолданыстағы ережелерді Құрылыс кодексіне сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да қаралды. Түзетулер мемлекеттік және әлеуметтік жауапты қызметтер көрсету, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, санитарлық-қорғау аймақтары, көлікті жоспарлау және құрылыс салушылардың қызметін реттеу мәселелеріне қатысты болып отыр.