Талғат Жүнісовтың облыс тұрғындарымен диалогы: жаңа Конституцияның басты ұғымдары – адам, білім және ғылым
Сенатор Талғат Жүнісов Коалицияның республикалық штаб мүшелерімен бірлесе отырып жаңа Конституцияның жобасын түсіндіру және алдағы республикалық референдумды талқылауға орай өңір тұрғындарымен және «Viamedis Қосшы», «Сапа су» ЖШС және «Дара Business Academy» жекеменшік мектебінің еңбек ұжымдарымен кездесулерін өткізді.
Сенатор кездесу барысында жаңа Конституцияның жобасы – бұл құқықтық нормалардың жаңартылған жиынтығы ғана емес, қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне терең мағыналы жауап беретін ХХІ ғасырдағы ел дамуының стратегиялық картасы екенін атап өтті. Білім, ғылым және инновация алғаш рет Қазақстанның болашағының іргетасы ретінде Негізгі заң жобасының кіріспесінде тікелей бекітілгеніне ерекше назар аударылды.
Адами капиталды, білімді және инновациялық экономиканы дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы деңгейіне шығарылатыны атап өтілді. Бұл құндылықтарды конституциялық құрылыстың негіздеріне бекіту биліктің барлық тармақтары – заң шығару, атқарушы және сот – осы басымдықты ескере отырып, өз қызметін, бюджет және кадр саясатын құруға міндетті екенін білдіреді.
Жаңа Конституцияның жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, адамның қадір-қасиеті басты орында тұрғанына ерекше назар аударылды. Жеке тұлға құқықтарының кепілдіктері, ақпаратқа қол жеткізу, азаматтардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашу үшін жағдайлар жасау әділетті және қазіргі заманғы мемлекет құру үшін негіз қалыптастырады.
«Еліміздің болашағы біздің азаматтық ұстанымымызға байланысты. Жаңа Конституция жобасында бекітілген құндылықтар мен қағидаттарды қолдай отырып, біз орнықты, әділетті және прогрессивті Қазақстанды қалыптастыруға қатысамыз», - деп атап өтті Талғат Жүнісов.