Сенатта жұмысшылардың құқықтары мен еңбек қауіпсіздігін қорғауды күшейту талқыланды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.
Заң қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге, еңбекті қорғау және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжат мемлекеттік басқару, сатып алу және рұқсат беру жүйесін реттейтін бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер және толықтырулар енгізуді көздейді.
Мәселен, Еңбек кодексінде қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ережелер ұсынылды. Атап айтқанда, ұжымдық шарттарда лауазымдар бойынша жалақының ең жоғары және ең төменгі деңгейлері арасындағы жол берілетін арақатынасты, сондай-ақ өндірістегі жарақаттану жағдайларымен қоса жәрдемақылар және өтемақылар төлеу жөніндегі міндеттемелерді бекіту көзделіп отыр. Одан басқа, ереуілдер өткізу тәртібін реттейтін ережелер, оның ішінде делдалдардың қатысуы және қауіпті өндіріс нысандарында қажетті ең аз жұмыстарды қамтамасыз ету нақтыланды.
Заңда сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметке лицензия енгізу, мәслихаттардың «Құрметті азамат» атағын беру жөніндегі өкілеттігін кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласына арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде бір жерден шарт жасасу бөлігіне өзгеріс енгізу көзделеді.
Депутаттардың пікірінше, заңның қабылдануы еңбек қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек даулары мен келіссөздер үдерісін реттеу рәсімдерін жеңілдетуге, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңдарды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.