Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта электрондық сауданы кедендік реттеу мәселесі талқыланды

23.06.2026 385

Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда « Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»» заң қаралды.

Аталған заң Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартындағы өзгерістерге сәйкес ұлттық заңнаманы үйлестіру мақсатында әзірленген. Бұл өзгерістер жеке тұлғаларға арналған электрондық сауда тауарларын реттеуге қатысты.

Отырыс барысында депутаттар электрондық сауда тауарларын кедендік шекара арқылы өткізу ерекшеліктерін, «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізуді, сондай-ақ мұндай операторларды арнайы тізілімге енгізу шарттарын, олардың міндеттері мен жауапкершілігін айқындайтын нормаларды талқылады. Сонымен қатар заңда жаңа кедендік декларация түрі – электрондық сауда декларациясын енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ шетелдік интернет-платформалар арқылы сатылатын тауарларға қатысты кедендік қойма рәсімін қолдану ерекшеліктері белгіленеді.

Заңды іске асыру шетелдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар бойынша толық статистиканы қалыптастыруға, кедендік әкімшілендіру сапасын арттыруға және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді. Бұдан бөлек, электрондық сауда операторларының қатысуы арқылы азаматтар үшін тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету күтіледі.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)


Бөлісу