Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар жастардың психикалық әл-ауқатына орай алдын алу мен қолдаудың жүйелі шараларын талқылады

19.02.2026 571

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Жастардың психикалық саулығы: алдын алу және қолдау» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді. Шараға қатысушылар психологиялық көмек жүйесін дамыту, жасөспірімдер мен жастар арасындағы дағдарыс жағдайының алдын алу, сондай-ақ осы саладағы мекемеаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін қарастырды.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп жастар зердесінің әл-ауқаты ұлттық дамудың маңызды мәселесі екеніне тоқтала келіп, адами капитал мен қоғамның тұрақтылығына әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жас ұрпақты қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін мемлекет, білім беру, денсаулық сақтау және азаматтық қоғам жүйелері күш-жігерді біріктіру қажет.

«Біз психикалық денсаулық туралы жағдайды жеке проблема ретінде емес, ұзақ мерзімді мемлекеттік басымдық ретінде айтуымыз керек. Жасөспірім немесе жас адам өз уайым-қайғысымен жалғыз қалмауы керек, қазіргі жүйе уақытында көруі, естуі және қолдауы керек. Біздің міндетіміз – алдын алу нормаға айналатын, психологиялық көмек қолжетімді және түсінікті болатын жағдай жасау, ал жалпы қоғам – жастардың ішкі жағдайына аса мұқият болу керек», - деді Нұртөре Жүсіп.

Отырыс барысында кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының алдын алу, мектеп психологтарының рөлін арттыру, дабыл белгілерін ерте анықтау және ақпараттық кеңістікте бүлдіргі контенттің таралуын шектеу мәселелері қаралды. Қатысушылар тиімді профилактика мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысын және жасөспірімдер мен жастарды қолдаудың заманауи құралдарын дамытуды талап ететінін атап өтті.

Парламентшілер жастардың психикалық денсаулығы мәселелері медицина саласының аясынан шығып, мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне айналып бара жатқанын жеткізді. Енді шұғыл шаралардан қауіп факторларын ерте анықтауға, отбасы мен мектептің рөлін күшейтуге, сондай-ақ қол жетімді психологиялық көмек көрсетуге бағытталған жүйелі профилактикаға көшу қажеттілігі атап өтілді. Жасөспірімдердің эмоционалдық осалдығының өсуі және қолдауға уақтылы жүгіну мәдениетін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу