Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және жұмыспен қамтуды ынталандыру шаралары талқыланды

23.04.2026 536

Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысына қатысушылар мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін арттыру мәселесін талқылады.

Отырысқа Сенат депутаттарымен бірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, ұлттық экономика министрліктерінің, Жоғары аудиторлық палатаның, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп отырысты аша келіп, қазіргі жағдайда әлеуметтік саясат халықтың осал топтарын қолдауды қамтамасыз етумен қатар экономикалық белсенділіктің қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігі игерілген қаржы көлемімен емес, жұмыспен қамту, табыстың өсуі және азаматтардың экономикалық қызметке тартылуы жөніндегі нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Еңбекке қабілетті азаматтарды экономикаға белсенді қатысуға ынталандыратын жүйені қалыптастыру – біздің басты міндетіміз», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Отырыс барысында жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырудың ағымдағы тәсілдері, кәсіпкерлікті қолдау шаралары, сондай-ақ атаулы мемлекеттік көмек және оның нәтижелілігін арттыру мәселелері қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ерсаев еңбек нарығындағы ахуал және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің іске асып жатқан шаралары, оның ішінде жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқытуды дамыту және қолдаудың жаңа құралдарын енгізу туралы хабардар етті.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі жекелеген бағдарламаларды іске асырудағы жүйелі проблемаларды, оның ішінде қағаз жүзінде жұмысқа орналасудың қауіптері және бағдарламаларға қатысушылардың тұрақты жұмыспен қамтуға көшу үлесінің жеткіліксіздігін атап өтті.

Қаржы саласының өкілдері бюджет қаржысын пайдаланудың ашықтығын арттыру мен заң талабын бұзудың ерте кезеңде алдын алуға мүмкіндік беретін цифрландыру мен алдын алу аудитінің маңыздылығын жеткізді.

Комитет депутаттары жұмыспен қамтудың уақытша нысандарынан тұрақты жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және кадрларды кәсіби даярлау сапасын арттыруға баса назар аудару қажеттігіне назар аударды.

Талқылау барысында жұмыспен қамтуда жеке ілгерілеуге бағдарланған әлеуметтік саясаттың проактивті үлгісіне көшу және мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығындағы нақты сұраныспен тығыз байланыстыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру тетіктерін жетілдіруге, олардың тиімділігін арттыруға және халықтың жұмыспен қамтылуы мен экономикалық белсенділігі саласындағы мемлекеттік саясаттың ынталандырушы рөлін күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу