Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар комитеттің көшпелі отырысында суармалы егіншілік мәселелерін талқылады

21.05.2021 831

Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Түркістан облысында өткізген көшпелі отырысында суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға еліміздің басшылығы тарапынан баса назар аударылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығын дамымаса бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру мүмкін емес екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты ол елді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және еңбек өнімділігін арттыру жөнінде бірқатар міндеттерді алға қойды.

Сарапшылар суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және оларды ұтымды пайдалану алға қойылған міндеттерді орындаудың негізгі кепілі деп санайды. Сенат депутаттары мәселені егжей-тегжейлі зерделеу және осы саланың жағдайын жақсарту жөнінде іс жүзіндегі ұсынымдар әзірлеу үшін салалық комитеттің көшпелі отырысын өткізді. Тиісті министрліктер мен аймақтың басшылығы, аграршылар, ғалымдар мен кәсіпкерлер офлайн және онлайн тәртібіндегі осы сындарлы әңгімеге қатысты.

Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп, еліміздегі суармалы жерлердің көлемі жалпы игерілген жердің көлемінің 8%-ынан аспайтынын, ал бұл жерде ауыл шаруашылығына тиісті барлық жалпы өнімінің 35% өндірілетінін атап өтті. Дегенмен, суармалы егіншіліктің одан әрі ұлғаюына бірқатар проблемалар кедергі келтіруде.

«Еліміздегі ирригациялық инфрақұрылымның жағдайы сын көтермейді. Республикалық меншіктегі 19 772 шақырым каналдың 11 881 шақырымының жағдайы қанағаттанғысыз. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналардың 90%-ы ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты елімізде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізу қажет», - деп атап өтті сенатор.

Көшпелі отырысты өткізу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Еліміздің барлық суармалы жерлерінің 30%-ы Түркістан облысында шоғырланған. Кездесуде өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те осы көрсеткішті одан әрі арттыру туралы өз ойымен бөлісті.

«Түркістан облысында су қоймалары мен магистральдық каналдарда жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. "Кеңсай-Қосқорған 2" су қоймасының құрылысы аяқталып келеді. «Түркістан» магистралды каналының 59 км күрделі жөндеуден өтті, жалпы ұзындығы 751 км 161 канал жасалды. Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандарында, сондай-ақ Арыс және Кентау қалаларында жүргізілген жұмыстар суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр», - деп атап өтті Түркістан облысының әкімі.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Руслан Манатаев бүкіл еліміз ауқымындағы суармалы жерлерді дамытудың келешегі туралы тақырыпты жалғастырды. Сарапшылар кездесу барысында бұл мәселелерді кешенді шешу және түрлі мекемелерді тарту қажет екенін атап өтті. Сондықтан экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов Қазақстанның су қорын пайдалану және қорғау мәселелері туралы айтып берді.

Талқылау барысында отырысқа қатысушылары көптеген өзекті мәселелерді көтерді, оларға құзыретті мемлекеттік органдардың басшылары жауабын айтып, жан-жақты түсіндірме берді.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері өңірге сапары барысында Түркістан магистралды каналын жөндеу жұмыстарының барысымен, "Кеңсай-Қосқорған 2" су қоймасының құрылысымен танысты, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын "Түркістан-Агро" ЖШС-тің егіс алқабында болды.

Сенаторлар көшпелі отырыс барысында көтерілген барлық мәселелерді мұқият зерделеп, тиісті депутаттық сауалдарды жолдауға және заң шығару қызметінде пайдаланатын болады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу