Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобаларын қарады

22.06.2021 599

Владимир Волковтың төрағалығымен Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда сенаторлар Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Бұл құжат учаскелік инспекторлардың әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің жекелеген санаттарын қарауға және олар бойынша жаза қолдануға қатысты өкілеттіктерін кеңейтеді.

Сенатор Андрей Лукин өз баяндамасында учаскелік инспекторға төрт әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жаза қолдану құқығын қосымша беруді ұсынды. Олар: кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы, темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу, әкімшілік қадағалауды бұзу және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау құқық бұзушылықтары.

Сондай-ақ, заң жобасы бойынша прокурордың қаулыларын орындамағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма, ең алдымен, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тарапынан мүмкін болатын заңсыз әрекеттерден қорғауды көздейді.

Өз сөзінде сенатор Қанатбек Сафинов заң жобасында заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарын жүргізген және бизнес қызметіне заңсыз араласқан адамдарды әкімшілік жауапқа тарту үшін ескіру мерзімін 2 айдан бір жылға дейін ұлғайту қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар Комитет отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді.

Заң жобасының басты міндеттері – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау кепілдігін арттыру және бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін шараларды күшейту. Құжатқа сәйкес кәсіпкерлерге қатысты рейдерлік фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Ал бизнес пен азаматтардың санкцияланбаған тексерулер, тінту, алу, мүлікті уақытша шектеу және басқа да іс-әрекеттер бойынша шағымдарын қарау мерзімі үш тәулікке дейін қысқартылады.

Сенат депутаты Сәуле Айтпаева кәсіпкерлерді негізсіз қудалаудан қорғау үшін Қылмыстық-прецессуалдық кодекске түзетулер енгізілетінін айтты. Қымбат металдардың заңсыз айналымы үшін де шаралар күшейтілуде.

Отырысты қорытындылаған Комитет төрағасы Владимир Волков іс-шара барысында қаралған заң жобаларының маңызына назар аударды.

«Бүгін қаралған заң жобалары прокуратура қадағалауын азаматтар мен бизнес проблемаларын шешуге қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Түзетулер кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерін тек сот пен прокуратураның санкциясымен жүргізуді көздейді. Бизнесті салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапқа тарту шектері қайта қаралады. Сондай-ақ, лауазымды адамдарды заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тарту үшін ескіру мерзімдері ұлғайтылады», – деді Владимир Волков.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Фото: Е.Үкібаев)

Бөлісу