Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Асқар Шәкіров: Парламентарийлер гендерлік теңдікті ілгерілетуге жәрдемдесуі керек

09.09.2021 147

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы өзінің «Хельсинки + 50» процесі - іс-қимылға үндеу» бастамасы шеңберінде ұйымдастырған «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты онлайн-конференцияға қатысты.

Онлайн диалогқа қатысушылар жанжалдардың алдын алу мен шешудегі, бітімгершілікке, әйелдер мен қыздарды гендерлік теңсіздіктен қорғауға әйелдердің толық және маңызды қатысуын қамтамасыз етудегі Парламенттік ассамблея мен ұлттық парламенттердің рөлін талқылады.

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті Асқар Шәкіров өз сөзінде әйелдердің құқықтарын жан-жақты қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілікті жою, сондай-ақ әйелдерді билік құрылымдарында ілгерілету ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дамуындағы маңызды басымдықтар болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында БҰҰ-ның Мыңжылдық даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді және ТМД елдері арасында Гендерлік даму индексі бойынша көшбасшы болып табылатын «гендерлік даму деңгейі өте жоғары» елдердің қатарына кіреді»,- деді вице-спикер.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы саяси партиялардың кандидаттары тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу жөніндегі бастамасының маңыздылығын атап өтті. Бұл Парламент Мәжілісіндегі әйелдер өкілдігін 27%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Әйелдердің шағын және орта бизнестің 43%-ын басқаратынын ескере келе жұмыс орындарын құрудағы және экономикалық өсуді ынталандырудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Қазақстандық әскери қызметші әйелдер ерлермен қатар БҰҰ миссиясы шеңберінде жанжалдан кейінгі елдерде бейбіт өмірді қалпына келтірудің бітімгершілік бағдарламаларына қатысады.

Қорытындылай келе, қазақстандық сенатор ЕҚЫҰ парламентарийлерін әйелдер өкілдігі мәселелерінде үлкен тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, әйелдердің өз мүмкіндіктерін толық іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасауға және әлеуетін арттыруға жәрдемдесуге шақырды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу