Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

«Өңір» депутаттық тобының отырысында қоныс аударушылардың проблемалық мәселелері қаралды

30.11.2021 291

Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды. Онда азаматтарды еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен жұмыс күші тапшы өңірлеріне көшіру мәселелері талқыланды.

«Өңір» тобының жетекшісі Ерік Сұлтанов отырысты аша келіп, қоныс аудару проблемасының өте өзекті және саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызы зор екенін атап өтті. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударушылар үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс, алайда адамдар көбінесе бірқатар проблемаларға тап болып келеді. Ерік Сұлтановтың пікірінше, қоныс аударушылардың тұрақтап қалуына тұрғын үйдің сапасы да кері әсер ететін факторлардың бірі болып отыр.

«Қоныс аударушылар жеке тұрғын үй салу мүмкіндігінің жоқтығы туралы мәселені көтеруде. Сондықтан оларға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға құқық беру мәселесін қарау орынды. Сонымен қатар, бүгінде жекелеген ірі жұмыс берушілер қоныс аударушыларға арнап тұрғын үй салуда. Бұл, әсіресе ауылдық жерлерде бар бос жұмыс орындарына бару үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан ауылда жұмысшы кадрлардың айтарлықтай жетіспеушілігін ескере отырып, бүгінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау арқылы жаппай тұрғын үй салу үшін жағдай жасау қажет», - деп атап өтті сенатор.

Сенаторлар отырыс барысында сондай-ақ несие бойынша өтелмеген берешегі бар қоныс аударушыларға субсидия бөлу мәселелерін талқылады. Сенаторлардың пікірінше, мұндай санаттағы адамдарға несие демалысын беру де маңызды болып табылады. Сонымен қатар, мемлекеттік гранттар бөлу арқылы қоныс аударушылардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы, сондай-ақ оларға мал жаю үшін жайылымдар беру мәселесі көтерілді. Сенаторлар сондай-ақ «Серпін» жобасының түлектеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастыруды, соның ішінде оларға қолданыстағы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына ұқсас тұрғын үй сатып алу және салу үшін бюджет несиесін беруді ұсынды. Сенаторлар – «Өңір» тобы мүшелерінің еліміз аймақтарына сапарлары мен өткен отырыстың қорытындылары бойынша әзірленген осы және басқа да ұсынымдар Үкімет қарауына жіберілетін болады.

Сенаторлардан басқа отырыс жұмысына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, салалық министрліктердің, әкімдіктердің және банк саласының өкілдері қатысты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу