Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаттың кезекті отырыстары 15 және 16 наурызда өтеді

13.03.2023 150

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2023 жылғы 15 және 16 наурыз күндері өтетін Сенат отырыстарының күн тәртібін бекітті.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Аталған заң жобасы азаматтарға жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы жер беруді оңтайландыруды, олардың ашықтығын қамтамасыз етуді және сапасын жақсартуды көздейді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады.

Кодекс жобасының мақсаты – нормативтік құқықтық актілерді бірыңғай заңнамалық актіге біріктіру арқылы ұлттық заңнаманы жетілдіру. Құжатта көрсетілген нормалар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ жүйені әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға қайта бағдарлауға арналған. Ілеспе заң жобасын қабылдау еңбек нарығының тұрақтылығы саласындағы саясаттың тиімді өзара іс-қимылы мен дамуына, халықты жұмыспен қамту шараларының ашықтығы мен атаулылығын арттыруға ықпал етеді.

Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру үшін әзірленген Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасындағы ережелерді жүзеге асыруға бағытталған.

Бюро мүшелері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын да Палата отырысында қарауды ұйғарды. Бұл құжат әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны өзектендіру және реформалау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін Әлеуметтік кодекстің жобасына сәйкес келтіру үшін әзірленген.

Одан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын қарайды.

Бұл заң жобалары 15 наурыз күні болатын отырыста қаралады. Сонымен бірге сенаторлар 16 наурызда өтетін Палата отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» және «Еуразия даму банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.

Бұдан басқа, Бюро отырысында Сенаттың Парламент функцияларын орындауына байланысты Үкіметтен келіп түскен заң жобалары жұмыс үшін Палатаның тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу