Сенаторлар Ақтөбе облысының тұрғындарымен ветеринарияны дамытудың келешегін талқылады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бауыржан Қаниев пен Мұхтар Жұмағазиев сүт өнімдерін өндіру зауытының қызметкерлерімен кездесті. Депутаттарға бұл кәсіпорынның 20 жылдық тарихы бар және аймақтағы ең ірі кәсіпорындардың бірі екендігі айтылды.
«Мемлекет отандық өндірісті барлық жағынан қолдауы тиіс. Ал азық-түлік, оның ішінде табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру – азық-түлік қауіпсіздігі мен салауатты ұрпақтың кепілі болып табылады. Сенаторлар сол себепті ауыл шаруашылығын дамыту және саланың қолда бар елеулі әлеуетін іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударып отыр», - деді сенатор Жұмағазиев.
Депутаттар Ақтөбе қалалық ветеринариялық станциясының қызметкерлерімен де кездесті. Олармен «Ветеринария туралы» Заңға енгізілген өзгерістер және толықтырулар мен осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
«Еліміздегі мал шаруашылығының дамуы ветеринария саласындағы білікті кадрларға тікелей байланысты. Қазіргі уақытта технологиялардың қарқынды дамуына, осы салада заманауи әдістерді қолдануға байланысты жұмыстың сапасы мен тиімділігі арта түсуі керек. Осыған байланысты біз ветеринария саласын қолдауымыз керек», - деді Бауыржан Қаниев.