Сенатор Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысында болды
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданында болды. Сапар аясында аудандық мәслихат депутаттарымен, ауылдық округ әкімдерімен, мектеп және балабақша меңгерушілерімен кездесті.
Сенатор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еліміздің дамуының негізгі бағыттарын іске асырудағы Сенат атқарған жұмыстар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.
«Халықтың әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде арттыруда еліміздің болашағы үшін экономикалық саясат пен стратегиялық инвестицияларды қолдау арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосу – басты міндет. Өңірлерді дамыту мәселесі қазіргі кезде ерекше маңызға ие болып отыр. Еліміз тұрғындарының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыл шаруашылығын дамыту – күн тәртібіндегі ерекше мәселе», - деп атап өтті Бауыржан Қаниев.
Депутат сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ырғыз ауылында жылыжай салу барысымен танысты. Бауыржан Қаниев «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін көрсететін мысалдардың көбейе түсуі аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.