Сенатор Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін тұрғындарымен бірге талқылады
Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының тұрғындарымен, облыстық және қалалық әкімдіктердің басшылығымен, сондай-ақ мәслихат депутаттарымен бірқатар кездесулер өткізді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жақында болған су тасқынының салдарын жою және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері – кездесулердің негізгі тақырыбы болды.
Бауыржан Қаниев облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда биліктің барлық деңгейлері арасындағы үйлестірілген іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сенатор кездесулер барысында инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру мәселелеріне баса назар аударды.
Ақтөбе облысының әкімімен кездесу кезінде ағымдағы істердің жай-күйі және су тасқынының салдарын жою жөнінде қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Қорғаныс құрылыстарын нығайту, залал келген нысандарды қайта қалпына келтіру және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жоспары туралы да сөз болды. Осы мақсаттарға бөлінген ресурстарды уақтылы және тиімді бөлу қажеттігі атап өтілді. Жылыту маусымына дайындық мәселесі де қозғалды. Отынмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету және жылу энергетикасы объектілерін күтіп-баптау жұмыстарын жүргізу шаралары қаралды.
Бауыржан Қаниев облыстың Мұғалжар және Темір аудандарында да болды. Депутат Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында 600 орындық екі жаңа мектептің, сондай-ақ Шұбарқұдық ауылындағы мұражай мен мұрағаттың жаңа ғимаратының салыну барысымен танысты. Сенатор Темір ауданының орталығындағы бірқатар көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына куә болды. Сенатор Бауыржан Қаниев мердігер компаниялардың өкілдеріне құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдету туралы ұсыныс айтты.