Сенатор Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының күзгі-қысқы кезеңге дайындығына баға берді
Сенатор Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының әкімдерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және ардагерлер қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. Онда жылыту маусымына дайындық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, бюджеттің атқарылуы және мемлекеттік қаржыны пайдаланудың тиімділігі күн тәртібіне қойылды.
Жергілікті билік өкілдерімен кездесулер барысында биылғы заң шығару ісі де талқыланды. Бауыржан Қаниев өңірлердің мүддесін қозғайтын қабылданған бірқатар заңдар мен бастамалар бойынша түсініктеме берді.
«Ұлттық мақсатты өңірлермен тығыз байланыссыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл жерде адамдар күнделікті өмірде немен бетпе-бет келетінін байқауға болады. Мұндай сапарлар мемлекет деңгейінде жүйелі шешуді және қолдауды қажет ететін мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті сенатор.
Депутат коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңге дайындығына, әлеуметтік және инженерлік нысандар құрылысының барысына, сондай-ақ өңірде орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларға ерекше назар аударды. Ол жұмыстың сапасын және мерзімдердің сақталуын, әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандарға қатысты мұқият бақылау орнату қажеттігін атап өтті.
Сенатор Ақтөбеде салынып жатқан бірқатар нысандармен де танысты. Онда құрылыстардың аяқталу кестесі, дайындық дәрежесі және жобалық құжаттама талаптарына сәйкестігі туралы хабардар болды.