Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. "Бейнеу - Шалқар" тас жолының құрылысын қосу жөнінде депутаттық сауал жолдады.

08.10.2020 62

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

         Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясында  еліміздің көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, транзиттік жүк ағынын арттыру мақсатында 2016 жылы «Құрық» теңіз паромды кешені бой көтеріп, пайдалануға берілген болатын. Кешен жылына 4,0 млн тонна көлемінде теміржол жүгін, 2,0 млн тонна көлемінде автокөлік жүгін қабылдай алады.

         Қазіргі уақытта «Құрық» теңіз порты Қытайдан, Орталық Азия мемлекеттерінен, Ресейдің Орал-Сібір өңірінен Түркияға, Еуропаға және кері бағытта жүк тасымалының тиімді логистикасын құруға мүмкіндік беретін Транскаспий Халықаралық Көлік бағыты жобасын іске асыру шеңберінде манызды роль аткарады.

         Осы аталған портқа жүк жеткізу мерзімін және оған кететін шығындарды азайту мақсатында 2016 жылы ұзақтығы 471 шақырым болатын «Шалқар – Бейнеу» теміржолы салынып, пайдалануға берілді. Бұл «Құрық» портына дейінгі жолдың қолданыстағы маршрутын 500-ден астам шақырымға қысқартуға мүмкіндік туғызды.

         Дегенмен бүгінге дейін аталған портқа автокөлікпен жүк жеткізудің тиімді маршрутын таңдау мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр.

         Қазіргі таңда «Құрық» теңіз портына автокөлікпен жүк жеткізу үшін тым ұзақ жол айналымын жасауға тура келіп отыр. Ырғыздан Бейнеуге дейін «Ырғыз – Ақтөбе – Мақат – Бейнеу» бағыты бойынша 1250 шақырым жол жүруге тура келеді. Бұл, өз кезегінде  Қазақстанның транзиттік бағыттарының тартымдылығына кері ықпалын тигізуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағыттардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс» деген болатын.

         2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының 2-ші кезеңі шеңберінде 30 жобаны іске асыру көзделген. Оның негізінде жалпы 11,0 мың шақырым автокөлік жолдарын қайта жөндеуден өткізу және оларды төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бірақ осы аталған бағдарламада «Бейнеу-Шалқар» автомобильдiк жолынын құрылысы тізімде көрсетілгенімен, iс шара  жоспарында оны қаржыландыру көзі айқындалмаған. Оның үстіне «Бейнеу – Бозой» жобасы қарастырылған -біздін ойымызша «Құрық» портына жүк тасымалын жылдамдығын арттыру тұргысынан қарағанда тиiмдi жоба болып саналмайды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының 2-ші кезеңі шеңберінде «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш» автокөлік жолдарының құрылысы және қайта жөндеу жұмыстары жоспарланғанын ескере отырып,біз «Нұрлы жол - 2» бағдарламасына 2025 жылға дейінгі кезеңде «Бейнеу-Шалқар» автокөлік жолының құрылысын қосу қажет деп есептейміз. Бұл, өз кезегінде, «Орталық – Батыс» көлік дәлізінің негізді аяқталуы болып есептеліп, «Құрық» портына дейінгі жолды 500- ден астам шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік берер еді.

Біздің ойымызша, бұл жобаны «Шалқар – Бейнеу» теміржолының құрылысы кезінде әзірленген жобалық-іздеу жұмыстарының материалдарын және осы теміржолдың қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалана отырып, аз уақыттың ішінде аз ғана шығынмен іске асыруға мүмкіндік бередi.

Сонымен қатар аталған автокөлік жолының құрылысы еліміздің өзге өңірлері тұрғындарының Каспий теңізінің жағалауына демалу және туризм мақсатында төте жолмен жетуіне зор мүмкіндік береді.

Бөлісу