ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының отырысына қатысты.
Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі "Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасын қабылдау бойынша Парламент Сенатының отырысында қосымша баяндама жасады.
Қазақстан Республикасының
«Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы»
Заңының жобасына қосымша баяндама
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Бүгін қаралып отырған «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде халықаралық-құқықтық базаны кеңейтуге бағытталған.
Заң жобасының мақсаты үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы Хаттаманы іске асыру және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасындағы су көлігі саласындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Заң жобасының міндеттері:
Бірінші. ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ішкі су жолдарымен кемелердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін құқықтық негіз құру.
Екінші. Порт қызметтеріне тең қол жеткізу.
Үшінші. Қазақстандық кеме иелері мен кеме экипажы мүшелерінің мүдделерін қорғау болып табылады.
Кеме қатынасы туралы келісім су көлігіндегі өзара қатынастарды реттеу саласында бірыңғай құқықтық өріс құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистикалық кешенді дамыту мәселесі өзекті болып қала беретінін атап өтті. Бұл саладағы бәсекелестік өте жоғары және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі серпінді инфрақұрылымдық жобалар, жаңа елдер мен компанияларды тарту, сервис деңгейін және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен өсуге тиіс.
Бүгінгі таңда Қазақстан көлік саласын дамытуға және Қазақстанның «транзиттік хаб» ретінде қалыптасуына үлкен мән береді.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтау портында жаңа құрғақ жүк терминалдары, Құрық портында көпфункционалды паром кешені салынды.
Бізде тек Ақтау портынан ғана емес, сонымен қатар басқа Каспий маңы порттары арасында да жүк тасымалдауға қатысатын жеке сауда флоты бар.
Осыған байланысты көрші мемлекеттердің ішкі су жолдарын пайдалану Қазақстанға әлеуметтік және экономикалық жағынан тиімді екені сөзсіз. Бұл біздің кеме қатынасы компанияларымызға әлемдік теңіз кеңістіктеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қолданыстағы рәсімдерді оңайлату, порттардың қызметтеріне және реттелетін қызметтерге қол жеткізудің бірдей шарттары, құжаттарды өзара тану біздің еліміздің су көлігі инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, өзара тауар айналымын ұлғайтуға ықпал ететін болады, қазақстандық кеме қатынасы компанияларына көлік қызметтері нарығында тең бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Заң жобасы маңызды және стратегиялық маңызы зор.
Құрметті әріптестер!
Келісімді ратификациялау мемлекеттік бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді.
Сенаттың тұрақты комитеттерінде осы Заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар жоқ.
Баяндалғанды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауды ұсынады.
Назарларыңызға рахмет!